Қазақстанда 7 млрд теңгеден астам қаражат негізсіз жұмсала жаздаған

Қазақстанда 7 млрд теңгеден астам қаражат негізсіз жұмсала жаздаған
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Жемқорлыққа қарсы еріктілер 7 млрд теңгеден астам қаражаттың негізсіз жұмсалуының алдын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Антикорға сілтеме жасап.

Өткен жылдың тамыз айында іске қосылған "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы өз қатарына 2,7 мыңнан астам белсендіні біріктірген. Олардың күш-жігерінің арқасында 7 млрд теңгеден астам сомаға тауарлар мен қызметтерге бағаны көтеру тәуекелдеріне жол берілмеді.

Мысалы, жемқорлыққа қарсы еріктілер Орал қаласының әкімдігінің 45 млн теңге сомасына бейнеконференцбайланыс жабдығын сатып алуын тоқтатты, себебі ұқсас жабдықтың нарықтық құны шамамен 4 млн теңге.

Шымкент қаласының еріктілері білім басқармасымен және бірнеше мектептермен жетім балаларға арналған жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша сатып алуды қайталау фактісін анықтады. Уақытылы ден қою нәтижесінде бюджет қаражатының 78 млн теңге сомасында тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Түркістан қаласында еріктілер жылу энергиясын есептеу кезінде тарифтерді негізсіз көтеру фактісін анықтады. Көп қабатты тұрғын үйлерде есептеу құралдары орнатылғанына қарамастан, есептеу шаршы метрмен жүргізілген, бұл жылыту құнының өсуіне әкелді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 32 көпқабатты тұрғын үйдің 2 мыңнан астам тұрғыны үшін шамамен 13 млн теңгеге қайта есептеу жүргізілді.

Елордада еріктілер "Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша берілген 30 пәтердің жағдайын тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша мердігерлер радиаторлар мен электр розеткаларының болмауы, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс-монтаж жұмыстары және басқа да ақаулар сияқты көптеген кемшіліктерді жойды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина