"Әкемнің жүзін көре алмай қалдым". Қуаңшылық кезде батысқа шөп жіберген Құрмет Талапқазы отбасы жайлы айтты

"Әкемнің жүзін көре алмай қалдым". Қуаңшылық кезде батысқа шөп жіберген Құрмет Талапқазы отбасы жайлы айтты
Фото: видеодан кадр

Қазақстанның қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлеріне қол жинап, шөп жіберген Құрмет Талапқазы "Assyltas TV" каналына берген сұхбатында отбасы жайлы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қытайда туып-өскен Құрмет Талапқазы Қазақстанға 19 жасында көшіп келген. 2021 жылы қуаңшылық кезінде Батыс өңіріне вагон-вагон шөп жіберіп, көпшіліктің төрт түлігін ашаршылықтан аман алып қалуға септігін тигізді. 

Қоғам белсендісі Құрмет Талапқазы отбасы жайлы сөз қозғады.

"Соңғы жылдары оларға өздеріңіз келіңіздер, мен осы жақтың азаматы болып қалыптастым. Ол жаққа барғаным ерсі болар деп, өздерін шақырған едім. Анашым келді. Әкем жүректен ауыратын, ол 20 мамыр қайтыс болды. Сол кісінің қазасынан келе жатырмын. 16 күн жүріп, әкемді соңғы сапарға шығарып салып, қайттым", - дейді ол.

Ол ата-анасын осы уақытқа дейін неге Қазақстанға көшіріп әкелмегенін түсіндірді.

"Ол кісілер ауылды қимайды. Аталар, кейбір ағайындардың басы сол жақта жатыр. Жастары келіп қалған кісілер болғаннан кейін әуреге салғым келмеді. Оған қоса, шекарада бір ашылып, бір жабылды", - дейді ерікті.

Құрмет Талапқазы марқұм әкесін көзі тірісінде көре алмағанына өкінетінін айтты.

"Мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалдым деген өкініш жоқ. Өмір болғасын түрлі жағдай болады. Осылай жүргенімнің өзі тағдырыма жазылған шығар деп ойлаймын. Әкемнің жүзін көре алмай қалдым, туған жерге бара алмай қалғаныма өкініш бар. Мына жақта от пен судың арасында былжырап жүре бергенше сол жаққа неге барып келмедім деп өкінемін. Бірақ ол кезде шекара да бір ашылып, бір жабылып тұрған кез. Бұйырса пайдалы істер жасағым келеді. Қандастарды көшіріп алып келгім келеді. Тәуелсіздігіміздің қадірін білсек екен деймін. Қолдан келгенше жақсы істер жасауға тырысамын", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова