Алматыда героиннің аса ірі партиясы тәркіленді

Алматы полициясы героиннің аса ірі партиясын тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицейлер есірткі сақтады деген күдікпен 60 жастағы ер адамды ұстады. Жеке тінту кезінде күдіктіден ақшыл түсті ұнтақты зат салынған екі бума табылды және тәркіленді.

"ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғанның тұрғылықты жерін тінту кезінде ашық түсті ұнтақты заты бар тағы бір бума тәркіленді. Жатын бөлмеден кереует астынан екі Байкал пневматикалық және травматикалық тапанша және 12 калибрлі бір ұңғылы шолақ мылтық табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат героин есірткі заты болып шықты. Қарудың кімдікі екендігі анықталып жатыр", - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.

Ұсталған азаматтың бұрын да осыған ұқсас қылмыстар үшін бірнеше рет сотталғандығы белгілі болды. Тергеу барысында күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!