Қазақстанның 1424 ауылында мобильді интернет әлі жоқ

2025 жылдың соңында Қазақстанда 5G интернетін енгізу аяқталады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде 1424 ауыл мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр.

"Ұялы байланыс операторларын ынталандыру үшін министрлік жаңа Салық кодексіне радиожиілік спектріне салықтық жеңілдіктерді ұзартуды және төлем мөлшерлемесін өзгертуді ұсынды. Осылайша, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1 мың 76 ауылды интернетпен қамтамасыз ету көзделген", - деді Жаслан Мадиев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министр 1 жылдан соң елімізде 5G интернетін енгізу аяқталатынын атап өтті.

"5G технологиясын одан әрі дамытуға қатысты Kcell және Tele2-мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырады. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық станция орнатылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестиция көлемі 450 миллиард теңгеден асады", - деді ведомство басшысы.

Жаслан Мадиевтің айтуынша, қазір елімізде 6 290 ауыл бар.

"Оның ішінде сымды интернет бойынша оптика 2 606 ауылға жеткізілген. Мобильді интернет 4 866 ауылда қолжетімді. 2+ Қолданыстағы салықтық жеңілдіктер аясында 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылды", - деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы қанша ауылда жылдам интернет жоқ екеніне тоқталды.

"Қазір 3684 ауылда оптика жоқ. Ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3010 ауылға дейін оптикалық байланыс желісі жеткізіледі. «Соңғы миль» жоқ жерде шағын және орта байланыс операторларының күрделі шығындарының 50% субсидиялау тетігі пайдаланылады. Осы жобалардың қорытындысы бойынша 2,4 млн адамды интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Жобалар байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден аса көлемде жеке инвестицияды тартуды көздейді", - деді Жаслан Мадиев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!