"Дастарқанды жайнатады". Ас беруде ысырапшылдық тыйылмай тұр

Елімізде кісі қайтыс болса, оған құран бағыштап, жұртқа ас береді. Әуелі жер қойнына тапсырғанда дастарқан жайылады, сосын жетісі, әр бейсенбілігі, қырқы, жылы тағысын тағы. Тіпті азық-түлікті аямай, тойханада дастарқанды жайнатып ас беретіндер де бар. Әрине, жағдайы жетсе, әркім өзі біледі. Дегенмен кейбір адамдар қаражаты болмаса да, қарызданып, дастарқан жаюға тырысып, ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Бұл қаншалық дұрыс? Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне заманауи қоғамда белең алған мәселенің ақ-қарасын айырып берді.

Ең алдымен маман ас берудегі ырысапшылдыққа қатысты пікір білдірді.

"Қазақ халқының дәстүрлері бойынша, қайтыс болған адамның рухын құрметтеп, еске алу үшін ас беру рәсімдері өткізіледі. Бұл дәстүрлер адамдарды біріктіріп, рухани қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Дегенмен, осы рәсімдерді орындау үшін қаржылық қиындықтарға ұшырау немесе қарызға батуға болмайды деп ойлаймын.
Қаржылық қиындықтарға қарамастан, қарызданып, үлкен дастарқан жаюдың , аспа-төк ысырапшылдық жасаудың еш қажеті, орынсыз атаққа беріліп қиналудың қортымдай керегі жоқ деп санаймын", - деді ол.

Ежелде қазақтар асты қалай берген? Қазіргідей ысырапшылдық болған ба?

Этнограф бұрынғы қазақтар асты қарапайым ұйымдастырғанын алға тартты.

"Ежелде қазақтар асты қарапайым және ата дәстүрлерге сай түрде ұйымдастырған. Астың негізгі мақсаты - қайтыс болған адамды құрметтеу және оның рухына дұға ету болғандықтан, ас беру рәсімдері қазіргі заманғыдай көп шығынмен ерекшеленбеген", - деді ол.

Қарапайым делінгенімен белгілі бір шарттары сақталған.

  1. Қарапайымдылық. Ас аз болса да, мағыналы рәсімдер өткізілген. Дастарқанға негізгі тағамдар қойылып, құран оқылып, марқұмның жақсы қасиеттері еске алынған;
  2. Рухани мәні. Негізгі назар дұғаға, еске алуға және рухани байланысқа бөлінген. Бұл материалдық шығынмен өлшенбейді. Тым көп шығын мен сән-салтанат болмаған. Құран оқу, дұға ету, еске алу сөздері – осының бәрі рәсімнің маңызды бөлігі;
  3. Қоғамдық қолдау. Қоғам мен көршілердің қолдауы арқылы қарапайым ас беріліп, қауымдастықтың бірлігі нығайтылған.

Ас беруге көп қаражат жұмсау дұрыс па?

"Ас берудің негізгі мақсаты - марқұмды еске алу және дұға ету. Тым көп шығын дәстүрді рухани мәнінен айырады. Бұл кейбір отбасыларға қаржылық тұрғыдан қиындық туғызуы мүмкін, олар көп жағдайда қарызға батып жатады. Қарыз алу отбасының қаржылық жағдайын одан әрі нашарлатады, ал қайтыс болған адамның рухын құрметтеу қаржылық қиындықтар тудырмауы керек. Қоғамның көзқарасынан қорқып, қарызға батудың қажеті жоқ. Әр отбасының жағдайы әртүрлі, сондықтан әркім өз мүмкіндігіне қарай ас бергені дұрыс. Қоғамдық қысымнан қорықпай, шынайы ниетпен берілген ас та жеткілікті", - дейді этнограф.

Болат Бопайұлы ас беруде үлкен дастарқанның орнына жақын туыстар арасында ғана кішірігім еске алу кешін ұйымдастырып, қаражатты қайырымдылыққа жұмсау да оңтайлы амал екенін жеткізді. 

"Үлкен дастарқанның орнына тек жақын туыстар мен достарды шақырып, қарапайым ас беру немесе қайтыс болған адамды еске алу кешін ұйымдастыруға болады.  Сондай-ақ, қоғамдық дастарқаннан гөрі қайырымдылық жасау да жақсы амал болуы мүмкін. Мысалы, жетімдерге, мұқтаж адамдарға көмек көрсету арқылы марқұмның атын жаңғыртуға болады", - деді ол.

Маман ас беру кезінде қаржыны жоспарлаудың маңызын түсіндірді.

Марқұмды еске алу рәсімдері алдын ала жоспарланса, қаржылық қиындықтардан аулақ болуға мүмкіндік бар. Жоспарлау арқылы шығындарды азайтуға және қаражатты тиімді пайдалану жолдарын табуға болады.
Қорыта айтқанда, ас беру дәстүрі тек материалдық шығынмен өлшенбеуі тиіс. Ең бастысы - шын жүректен жасалған еске алу мен дұға. Әр адам өз мүмкіндігіне қарай әрекет етіп, отбасын қаржылық қиындыққа душар етпегені жөн", - деді этнограф.

Мұндай ысырапшылдықты басу үшін қандай амал қолдану керек?

Этнограф бұл мәселенің шешімін табу жолында діни жетекшілер маңызды рөл атқаратынын айтты.

  1. Қоғамдық түсінік пен тәрбие. Астың рухани мәнін түсіндіру және оған көп шығын жұмсамаудың қажеттілігін насихаттау. Жастарға дәстүрдің маңыздылығын және қарапайымдылықтың артықшылығын түсіндіру;
  2. Діни және рухани басшылық. Діни жетекшілер мен ақсақалдар астың дұрыс және қарапайым түрде өтуін насихаттап, қоғамдық түсінікті өзгертуге көмектесуі керек. Рухани кездесулер мен насихаттар арқылы ысырапшылдықтың зияны туралы айту;
  3. Қоғамдық ұйымдардың қолдауы. Қоғамдық ұйымдар мен мешіттер ас беру рәсімдерін ұйымдастыруға көмектесіп, қаржылық қолдау көрсетуі тиіс. Мұндай ұйымдар ас берудің қарапайым және тиімді тәсілдерін ұсынуы мүмкін.

"Осы амалдар арқылы ысырапшылдықты тоқтатып, ас беру дәстүрінің рухани және мағыналық жағын сақтау мүмкін болады", - деп қорытындылады Болат Бопайұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы не дейді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылы имамдар форумында "Ас беру мәдениеті" құжатын қабылдаған. Басқарма және діни қызмет өкілдері осы құжатта жазылған ережелерді насихаттайды. Құжат Қазақстан аймақтарында өткізілетін астың шариғат шеңберінде, салт-дәстүрімізді ескеріп, отбасының әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында әзірленген.

"Қоғамда қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастарқан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ "көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз" деп дастарқан жайып, шектен тыс шығын жасап, ас та төк, ағын-төгін дастарқан жаяды. Бұл, орташа табысты қаншама отбасыға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінде еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүрі бойынша реттеуді талап етеді. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып "парызымды орындаймын" деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Ал шын мәнінде шариғатта: "Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!" деген. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы рәсімдерді реттеп, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылдауды басты назарға алып отыр", - деп түсіндірді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы Massaget.kz тілшісіне.

"Ас беру мәдениеті" құжатында не жазылған?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген "Жаназа және жерлеу рәсімдері" кітабында: "Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде "міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер" деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен құдайы ас беру мәдениетінің 7 тірегі:

  1. Шынайы ниет ету;
  2. Құдайы асқа жиналу;
  3. Құран оқу, бата беру, дұға жасау;
  4. Ысырапқа жол бермеу;
  5. Құдайы аста уағыз-насихат айту;
  6. Марқұмды еске алу және қаралы отбасыны жұбату;
  7. Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау.

Ысырапқа қатысты: 

Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Шариғаттағы көптеген міндет орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген. Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедей- кепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады. Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс. Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлде-қайда сауапты.

Тағы да оқи отырыңыздар: Жүктілік кезінде неше рет УЗИ жасатуға болады?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!