Ресейде "Слава Украине!" деп ұрандатқан қазақстандық қамауға алынды. СІМ түсінік берді

Ресейде "Слава Украине!" деп ұрандатқан қазақстандық қамауға алынды. СІМ түсінік берді
Фото: depositphotos.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейде "Слава Украине!" деп ұрандатқаны үшін қамауға алынған Қазақстан азаматына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ресми өкілге "БАҚ-та Ресейдегі Қазақстан азаматының "Слава Украина!" деп ұрандатқаны үшін ұсталды деген ақпарат жарияланды. Бұл расында Қазақстан азаматы ма? Ресейде "Слава Украина!" деп ұрандатуға болмай ма?" деген сауал жолданды.

Айбек Смадияров министрлік бұл деректі тексеріп жатқанын жеткізді.

"Біріншіден, бізге ресми түрде Ресейде Қазақстан азаматы ұсталды деген ақпарат түспеді. Сіз айтқан жаңалықты БАҚ-тан көрдім. Біз деректі анықтап жатырмыз. Екінші сұрағыңызға тоқталайын. Бұлай ұрандатуға бола ма, болмай ма? Бұл өз еркіңізде және әр адам өз басына өзі жауапты. Бастысы жауапкершілікті ұмытпаған жөн", - деді ол.

"Медиазона" порталының мәліметінше, Ресейдің Свердлов облысы Ревдинск қаласының соты Қазақстан азаматы Андрей Хохловты полиция бөлімінде "Слава Украине!" деп айғайлағаны үшін 13 күнге қамаған. Оған экстремистік символиканы дәріптеді деген айып тағылып, ол әкімшілік жауапқа тартылды.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап "Слава Украине!" деген сөз Украина қарулы күштері мен Ұлттық полициясының ресми ұранына айналған болатын.

2024 жылғы 18 қаңтарда РФ Әділет министрлігі "Украин ұлтшылдары ұйымының" белгісі мен "Слава Украине!" деген ұранды қолдануға тыйым салған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Есен