Жамбыл облысында сарбаз комаға түсті: Тоқаев шұғыл тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында сарбаздың комаға түсуіне қатысты тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті", - дейді Берік Уәли. 

Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.

Еске салайық, Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жатқан сарбаз әлімжеттік құрбаны болған. Әскерде жүргеніне небары 23 күн өткенде қостанайлық 19 жастағы Нұржігіт Әбдіпатта комадан бір-ақ шыққан. 

"9 маусымда сағат 16:30 шамасында хабарласып, балам Қордайдың орталық ауруханасына ауыр жағдаймен жеткізіліп, жансақтау бөліміне түскенін айтты. Балам қазір жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған, ес-түссіз жатыр. Алғашында әскери емханаларына өз аяғымен келген. Сол кезде қабылдаған дәрігерге кіші сержант Дастан Тұрлан ұрғанын айтқан. Іштен ұрған соң іші ауырып, дәрігерлеріне дәрі сұрап барған. Сосын жағдайы нашарлап орталық ауруханаға жөнелтілген", - дейді сарбаздың анасы.

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне жауапты маман Толқын Өмірбаеваның айтуынша, науқастың жағдайы ауыр болуына байланысты облыс орталығының не басқа ауруханаға көшіруге болмайды екен.

"2005 жылғы науқас Нұржігіт Асанұлына полисегментарлық пневмония (вирусты этиология болуы да ықтимал) диагнозы қойылған. Науқас кеуде тұсынан соққы алғанын айтқан. Демалуы қиын, өкпесі зақымданған. 3-4 сатыдағы инфекциялық уытты шок. Сепсис. Мидың гипоксиялық ісінуі, 2-3 сатыдағы ми комасы. Қанның таратылған тамырішілік ұюы. 9 маусымнан бері (4 тәулік) клиникалық өлім жағдайында. Көптеген органның жеткіліксіздігіне байланысты науқастың жағдайы аса ауыр халде сақталады. Бүйректі алмастыру терапиясы жалғасып жатыр", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген хабарламасында.

Құқық қорғау органдары Қылмыстықтық кодекстің 451-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз