Қызылорда облысында қайтыс болған балалардың мәйітін ауыстырып алған қызметкер жазаланды

Қызылорда облысында мерт болған балалардың мәйітін ауыстырып алған қызметкер жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жоғарғы сот мәліметінше, Қызылорда қалалық сотына келтiрiлген моральдық шығынның орнын толтыру туралы облыстық патологиялық бюроға талап қоюмен әйел шағымданған.

Қызылорда облысы тұрғынының 4 айлық қызы 2023 жылы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Сол күні перинаталдық орталықта тағы бір әйелдің сәбиі өлі туылған.

Балалардың мәйіттері мәйітханаға жеткізілген. Талап қоюшыға мәйітті беру туралы өтініш бергенде, мәйітхана қызметкерлері оның баласының мәйіті қателесіп басқа ата-анаға берілгенін хабарлаған. Әйел адам мұны білмей, талап қоюшының сәбиін жерлеген.

Содан кейін эксгумация рәсімі жүргізіліп, қыздың денесі талап қоюшыға берілген. Міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін мәйітхана қызметкеріне тәртіптік жаза – қатаң сөгіс берілген. Бюроның бас дәрігері қызметінен босатылған.

Сот бұл факті медициналық мекеме қызметкерлерінің салғырттығынан орын алғанын растады. Бұл жағдайлар талап қоюшыға моральдық-психологиялық азап пен эмоционалдық күйзеліс туғызды.

Осыған байланысты сот талап қоюды қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу ретінде талап қоюшының пайдасына патологиялық бюродан 1 млн теңге өндірді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!