ІІМ жаңа үлгідегі жеке куәліктерді шығара бастады

15 маусымнан бастап ҚР азаматының жаңа үлгідегі жеке куәлігі қолданысқа енгізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа үлгідегі құжатта жеке куәлік иесінің азаматтығы мен жынысы туралы деректер көрсетіледі. Бұрын бұл мәліметтер жеке куәлікке салынған чипте болған. Жеке куәліктің жаңа дизайны бюджеттен шығын талап етпейді және азаматтардың жаңа құжаттарды шығару үшін төлейтін мемлекеттік баж мөлшеріне әсер етпейді (2024 жылы мемлекеттік баж мөлшері 738,4 теңге).

Жарамдылық мерзімі аяқталмаған жеке куәліктер бұдан әрі де жарамды болады. Қазақстандықтар жаңа дизайнды жеке куәліктерді тек алдыңғының мерзімі аяқталған кезде немесе оларды басқа да себептермен ауыстыру кезінде ала алады. Яғни, бір мезгілде жаппай құжат ауыстыру болмайды.

Еске салайық, 3 мамырда Қазақстанда жеке куәлік дизайны мен мәліметтері өзгеретіні хабарланған болатын. Ішкі істер министрінің бұйрығына тиісті өзгерістерді ІІМ әзірлеген. 

Түзетулер жеке куәліктің алдыңғы бетіне "Жынысы" бағанын қосуды қамтиды.

"Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің беткі жағында Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі иесінің фотобейнесі, қолы және дербес деректері: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жынысы және жеке сәйкестендіру нөмірі орналасады", - делінген құжатта.

Азаматтың жеке куәлігінің артына азаматтық туралы мәліметтерді қосу ұсынылып отыр.

"Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің сыртқы жағында штрих-код түрінде кодталған ЖСН, микросхеманың байланыс бөлігі, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі иесінің туған жері, ұлты және азаматтығы туралы дербес деректері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін берген орган, берілген күні және қолданылу мерзімі туралы мәліметтер орналасады. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінде ұлты Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі иесінің қалауы бойынша көрсетіледі", - делінген хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!