"Адамдардың сүйегі көрініп жатыр". Үндістанның қасиетті қаласына саяхат

Үндістанның ең көне қаласының бірі - Варанасиде күн сайын мыңға жуық мәйіт өртеледі. Қала үндістер үшін өте қасиетті қала саналады. Бұдан бөлек, қалада әр кеш сайын индуизмдегі Ганга Маха Аарти діни рәсімі өтеді. Ерекше қаланың танысымен танысқан қазақстандық саяхатшы Ерасыл Мирасбек Youtube-арнасында Үндістанның діни астанасына тән әдет-ғұрыптарды, жол-жобаны көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Варанаси - Үндістанның діни астанасы. Варанаси Ганг қасиетті өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ол үндістерге арналған 7 қасиетті орынның бірі. Варанасиде күн сайын мыңға жуық мәйіт өртеледі. Үнділер қасиетті деп санайтын қалада өртенген адам тікелей Нирванаға барады деп есептейді. Варанасидегі Ганг өзенінің жағалауында ол үшін көптеген гхат салынған. 

"Негізі Варанаси үндістер үшін өте қасиетті қала. Өйткені халық қайтыс болған адамның мәйітін осы қалада өртесе, оның барлық күнәсі кешіріліп, ана дүниеге таза болып барады деп сенеді. Сондықтан мұнда бүкіл Үндістаннан мәйіттерді жинайды. Мәйітті өртеп, күлін Ганг өзеніне шашады", - дейді ол.

Ганг - Үндістандағы ең танымал, ұзын және қасиетті өзен. Сондай-ақ, қалада 24 сағат бойы жұмыс істейтін крематорий бар. Крематорий - өлгендерді (адамдарды, жануарларды) кремациялауға (өртеуге) арналған пеш, сондай-ақ осындай пеш орналасқан мекеме. Бұл Маникарника гхаты. Мұнда күніне 400-500 мәйіт өртеледі. 

"Мен қазір гхаттың ішіне кіріп, өз көзіммен көремін. Бұл рәсім біздің сөзбен айтқанда жаназа сияқты. Рәсімді камераға түсіру үшін 3000 рупий төледім. Бұл жер қатты ыстық екен. Ішімде біртүрлі сезім. Гидтің айтуынша, денесі өртеліп жатқан адамның туыстары шетелдік азаматтарға жақсы қарайды. Мүрделер бірінен-соң бірі келіп жатыр, мәйіт матамен оралған. Табыт секілді ағашқа жатқызылады екен. Туыстары денені көтеріп, Ганг өзеніне шомылдырады. Сосын қайта алып шығып, өртеуге апарады. Адамдардың сүйегі көрініп жатыр. Мына көріністен кейін өмірім кейін және дейін болып екіге бөлінді. Көргенімді қорыту қиын болатын секілді", - деді ол.

Саяхатшының айтуынша, балалардың, жүкті әйелдердің, жануардан қаза болған және қасиетті адамдардың, ажалы аурудан болғандардың денесі өртелмейді. Адамдар олардың денесін орап, ішіне тас салып, қайықпен Ганг өзенінің ортасына барып, өзен түбіне жібереді. Осылай олардың денесі тазаланады деп сенетін көрінеді. Ең қызығы өртелген мәйіттің күлін шашатын, жоғарғы жағында сиырлар жуынатын, адамдар киімін жуатын өзенге Үндістанның түкпір-түкпірінен адамдар келіп шомылады, суын қолына алып, алдымен алақанын сүйіп, артынан маңдайына жағады. 

Әр кеш сайын Варанасидің қасиетті қасиетті гхаттарында Ганга Маха Аарти рәсімі өтеді. Мыңдаған сенушілерден басқа, көптеген турист рәсімді көруге келеді. Рәсім шамамен 3 сағатқа созылады және оны арнайы діни қызметкерлер жүргізеді.

"Құдайларға табынатын пуджари ауада хош иісті заттарды, отты тостағандарды және басқа да ғибадат элементтерін былғап, мантра оқиды. Аарти кезінде Кришна және басқа құдайларға табынатын әнұран естіледі. Рәсімді қайықтан қарап отырып, өз көзіңе өзің сене алмайсың. Фильмде жүргендей сезім болады. Рәсім соңында жанып тұрған от адамдарға таратылады. Құдайдан шыққан бата сенушілерге жалын арқылы беріледі. Оны адамдар алақандарымен жауып, маңдайларына тигізеді. Тілек тілеп, суға жібереді, - деді Ерасыл Мирасбек.

Тағы да оқи отырыңыздар: Грантқа түсу үшін қанша балл жинау керек?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!