"Масқара болдық". "Меломен" тобының әншісі бұрынғы әйеліне қатысты оқиғада өз нұсқасын айтты

"Меломен" тобының әншісі Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі Нұрилла Ақберген әлеуметтік желідегі парақшасында экс-күйеуінің ұрған сәтінен видео жариялаған болатын. Әнші бұл оқиғаны өз нұсқасы бойынша түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғабит Бибасыұлының айтуынша, бұрынғы әйелімен екі жыл бұрын екіге кеткен. 

"Желідегі тарап жатқан видеоға қатысты айтайын. Мен жалпы үш бала тәрбиелеп отырған адаммын. Екі қыз, бір ұлым бар. Бұрынғы әйеліммен екі жыл бұрын ажырасып кеткенбіз. Заңды түрде некеде жоқ екенімізге күзде екі жыл болады. Бір видео салыпты, сол төңіректе сөйлейік. Мен жігітше бар шындықты айтамын. Ешқандай қоспасыз, бояусыз. Мен өзім зорлық-зомбылыққа қарсымын. Оған бүкіл халық, ел, бүкіл әлем қарсы. "Тиран, анау-мынау" деп жатыр ғой. Мен ажырастым деп айтуға ұялып жүрген адам едім негізі. Мына нәрсені әрі қарай айтайын, болған оқиға былай: мен көлік айдап келе жатырмын. Көлікте бұрынғы әйелім екеуміз ғана келе жатырмыз. Ұрыс басталып кетті, ол айғайлап кетті. "Қой, тоқтат" деп келе жатырмын. Баяғы нәрсені қозғап келеді. Ер адамбыз ғой, мен ұрған жоқпын, қолымды қойшы деген сияқты (қолымен көрсетіп - еск.) кетті, осылай тиді (қолымен көрсетіп - еск.), жұдырықпен емес, Құдай сақтасын! Осылай тигеннен кейін (қолымен көрсетіп - еск.) мұрны қанап кетті. Ер адамсың ғой, ашу келді. Мені де шайтан түртті. Оны да шайтан түртті деген сияқты. Мұрнын тоқтатып, басылғаннан кейін жақын жердегі мешітке кіріп кеткенде, ол өзіне видео түсіріп алыпты. Осыншама уақыт бойы қалай, не үшін сақтады?! Оны түсіне алмадым. Үш жарым жыл бұрынғы оқиға. Қыстың кезі шамамен. Содан мешіттен шықтық, әрі қарай үйге бара жатырмыз, "мені дүкеніме тастап кетіңіз" деді. "Көзің ісіп тұр, ыңғайсыз болады, мен сені бұлай жалғыз тастамаймын, үйге кете берейік" дедім. "Жоқ, жалғыз болғым келеді" деді. Абай Байтұрсыновта дүкені болатын, сол жерге тастап кеттім. Біраздан кейін хабарласты, "мұрным ауырып тұр, клиникадамыз" деді. Ол дүкенге барған кезде туған сіңілісі келген, бауыр ғой, құшақтасып екеуі жылаған шығар, көңілі босаған шығар, "ауырып тұр" деп барған. Ол жақта да сондай видео болған. Оны да білмеймін. Барып алып кетіп, сол жерде балдызымнан кешірім сұрап жүрмін ғой. Біз оларға үлгі болудың орнына не істеп жүрміз деген сияқты. Ол да ренжіді. Мен ұрған жоқпын, бірақ факт: қолым тиіп тұр. Әдейілеп (ұру - еск.) - табиғатымда жоқ нәрсе. Сосын әрі қарай үйге бардық, мен кешірім сұрадым. Ол басылды, бір-екі күннен кейін ол кешірім сұрады. Әрі қарай жақсы өмірімізді сүріп жатқан адам едік қой негізі. Ешқандай қоспасыз айтып тұрмын, арың таза, адал келіншек болдың ғой маған, "осыны шын деп айт" жарай ма? Ұят болады. Ақталып жатқан жоқпын. ...Ертең хейт кетеді мынаған тағы да. Бұрынғы келіншегімді жамандамаңыздар, ол - бәрібір балаларымның анасы, мен оны бәрібір қорғаймын. Біз қосылайын деп жатқан жоқпыз, мен оны бәрібір қорғап өтемін. Туысқандарымнан, әке-шешемнен, бұрынғы әйелімнің әке-шешесінен ұят болды, масқара болдық. Не істейміз енді? Өмір. Мұның бәрі коуч, психологсымақтардың кесірінен болып жатыр. ...Шындық осы. Қайталап айтамын, менің жақын адамдарыма, достарыма, бұрынғы әйеліме тіл тигізбеулеріңізді сұраймын", - дейді әнші.

Әлеуметтік желі қолданушылары әншінің бұл видеосына сын пікірлер жазған.

"Әйелді ұрған өзіңіз, бірақ балдыздан ұяласыз? Қолыңыз тиеді, бірақ мұрыны қан-жоса болып ісінеді. Клиникаға апармайсыз, бірақ мешітке барасыз. Ажырасатын, әйелін ұратын сіз, бірақ оған коуч кінәлі? Ұратын сіз, бірақ шайтан кінәлі? Қыздар мен қарындастарды қорғау керек? Кімнен? Сіз секілді әйелін қорлайтындардан қорғау керек, ұрғанға кінәлі тек - сіз! Айналадағының бәрін кінәлі етуден шаршамадыңыз ба?", "Мұрны соншалықты қанай ма егер жай тисе", "Кім қоя салшы, әйелге қол көтеруге болмайды", "Біреуі зорлады деп жала жабады, біреуі ұрды деп жала жабады. Әйелдің бәрі жала жапқыш екен да еркектер сүттен ақ, судан таза. Ақталған түрлеріңе болайын", "Саусақтың ұшы тиіп кеткенге мұрны ісіп, ерні жарылып қан жоса бола ма адам?!" - дейді олар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз