Келмегені үшін жұмыстан шығару: қандай жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұза алады?

Қызметкер жұмысқа келмей қалатын жағдайлар болады. Бір жағынан бұл еңбек тәртібін өрескел бұзу болып саналса, екінші жағынан қызметкердің жұмысқа келмеуінің әртүрлі себептері болуы мүмкін. Tengri Life және заңгер Надежда Гельдт жұмыс беруші қандай жағдайда қызметкерді жұмыстан шығара алатынын айтып береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, егер қызметкер бір жұмыс күні немесе ауысым ішінде қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз жұмыста болмаған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкермен еңбек шарты бұзылуы мүмкін.

"Сонымен қатар, ЕК-нің 53-бабы 6-тармағына сәйкес еңбек шартын бұзу тәртіптік жазаны қолдану тәртібін сақтай отырып жүргізіледі. Тәртіптік жаза қолданылғанға дейін жұмыс беруші қызметкерден авторизация, қызметкерді сәйкестендіруді қамтамасыз ете отырып, жазбаша нысанда не электрон түрде түсіндіруді талап етуге міндетті", – деп бөлісті "Право знать" телеграм-арнасының авторы.

Яғни, жұмыс берушінің жұмысқа келмеген қызметкерді алдын ала ескертусіз, оның себебін білмей, жұмыстан шығаруға құқығы жоқ.

Заңгердің айтуынша, еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс берушіден қызметкерге тиесілі соманы төлеу жұмыстан шығарылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Яғни, оған жұмыс істеген күндері үшін жалақы және пайдаланылмаған демалыс күндері үшін өтемақы төленуі тиіс.

"Осылайша, жұмыс беруші қызметкерге тиісті соманы төлей отырып, ол тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыскермен еңбек шартын бұзуға құқылы", - деп түйіндеді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!