Ақтөбелік әйел көлігін сатып алушымен кездесуге барып, қаза тапты

Ақтөбе облысының полиция департаменті облыс орталығын дүр сілкіндірген ақтөбелік тұрғынның өліміне қатысты деректерді бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

9 маусымда 55 жастағы әйел көлігін сату үшін көлік базарына шығып, жоғалып кеткен. Оның туыстары полицияға хабар берген. 

"Осы өтініш бойынша жеке құрам дереу хабардар етіліп, қылмыс белгілерінің болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 99 және 192-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Полицейлер күдіктіні ұстады. Оның гаражынан ұрланған көлік табылды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тәртіп сақшылары қала сыртынан зорлықпен өлтірілген әйелдің денесін тапты.

"Іс бойынша сараптамалар тағайындалды, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеуді полиция департаменті бастығы бақылауға алды", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!