Алматыда Құрманғазы көшесіндегі қозғалыс екі айға шектеледі

2024 жылғы 17 маусым мен 17 тамыз аралығында Алматы қаласының Медеу ауданындағы Құрманғазы көшесі бойымен Пушкин көшесінен Достық даңғылына дейін және Достық даңғылынан Зенков көшесіне дейін автокөлік қозғалысы жабылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Достық даңғылынан Зенков көшесіне дейінгі қозғалыс екі жаққа да жабылады.

"1986 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан аталған көше сегментінің жүріс бөлігінің астынан өтетін жалпы ұзындығы 305 метр құбырды қайта жаңарту учаскесінде жоспарлы жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шектеулер енгізіледі. Кейінгі 5 жылда бұл учаскеде 10-ға жуық ақау жойылды", - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл құбыр учаскесі жылумен және ыстық сумен 5 көппәтерлі тұрғын үйді және 4 өзге де объектілерді қамтамасыз етеді. Әкімдік аталған тұтынушыларға реконструкция жүргізу кезеңінде ыстық су берілетінін хабарлады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!