Алматыгаз-ға 84 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Алматы қаласы прокуратурасы "Алматыгаз" абоненттік есеп айырысу орталығы" ЖШС-ға айыппұл салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тексеріс барысында Алматы қаласының прокуратурасы "Алматыгаз" абоненттік есеп айырысу орталығы" ЖШС қызметі тұтынушылармен тиісті шарттар жасасып, жыл сайын олардың үй ішіндегі газ жабдықтары мен газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөнінде міндетті жұмыстарын орындамағанын анықтады.

Тексеріс нәтижелері бойынша ЖШС-ға қатысты "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 159-бабы 3-1-тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды.

Алматы қаласының Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ЖШС 83,8 миллион теңге сомасында әкімшілік айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді, айыппұл мемлекет кірісіне өтелді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!