"12 күн комада жаттым". Жүрсін Ерман қазіргі денсаулығы туралы айтты

"12 күн комада жаттым". Жүрсін Ерман қазіргі денсаулығы туралы айтты
Фото: Видеодан алынған кадр

Танымал ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман сырқаты туралы "Айтыс" youtube-арнасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 12 күн комада жатқан.

"Мен комаға түсіп, 12 күн комада жаттым. Сол кезде дәрігерлер "әкеңіз 1-2 күннен қалмай о дүниеге аттанады, дайындала беріңдер" деп ұлыма айтқан екен. Сосын рұқсат қағазымен үйге алып кетті. Онымен дәрігерлердің айтқаны келмей, қайтадан адам қатарына қосылдым ғой. Соның бәрінде қасымда болып, шетелге апарып емдетіп жүрген де сол ұлым. Жүрегіме, жаныма жақын, мені түсінетін - Ардақ балам. Баланың бөтені болмайды ғой. Бірақ сонда да ерекшесі, баланың кенжесі болған соң ба жаныма жақын", - деді ол.

Жүрсін Ерман сырқатынан жазылуына халықтың дұғасы себеп болғанын айтты.

"Мыңдаған адамның тілегі ғой, көп тілегі қабыл болды. Қатарға қосылуыма халықтың тілеуі, дұғасы себеп болды ма деп ойлаймын. Бірінші Алла ғой. Халықтың қолдауы, тілеуіңді тілегенін сезіну кісіге күш, дем береді екен. 70-80 ақын бірінен кейін бірі іздеп келді. Үйде, ауруханада жатқанымда сәлем беріп, көңіл сұрап кетті. Кеше Мұқағали Сейітқазының шығармашылық кеші болды. Көктемге жақын біздің үйге "Ұлытауданбыз" деп 3 ақын келді. Мұқағали Сейітқазы, Абай Ораз, тағы бір жас ақын батамды алуға іздеп келіпті. Соның өзі "ізімнен ерген халық, жастар бар екен" деп ойлауға мүмкіндік береді екен. Айтысты тірілтем деп арпалыстым ғой. Айтысты тірілтем деп жүріп өзім өлуге айналыппын",-деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы