"Орамалдылардан көңілім қалды". Тағы бір блогер хиджабтан неге бас тартқанын түсіндірді

Танымал блогер Сәния Ілиясова әлеуметтік желідегі парақшасында хиджабтан неліктен бас тартқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, блогер шынайы болғысы келген.

"Орамалымды шештім. 2 ай бойы эмоцианалды толқыныста болдым, өзімді іздедім… Өзім үшін де, өзгелер үшін де әрдайым шынайы болғым келеді. Сіздерге ол ұнай ма, ұнамай ма білмеймін, тек жүрегімнің қалауымен өмір сүремін. Эгоисттік пе? Бәлкім, иә. Солай болуы керек.  Мен "мәңгілік" және "ешқашан" деген сөздерді айтуға болмайтынын түсіндім. Өйткені Алланың өз жоспары бар", деп жазды ол.

Блогер хиджабтан бас тартуын орамалдылардан көңілі қалуымен байланыстырды.

"Айтпақшы, Меккеге сапарымнан кейін өзімді биікте болғандай елестетіп едім. Иманым-орамалым  болады деп сендім. Бірақ мен күткеннен басқа нәрселер орындалып, Алла маған менің орамал тағудағы ниетімді көрсетіп берді. Бұл бір қызық болды. Алла разылығы үшін болмаған екен. Көңілім қалды... Орамалдылардан, олардың өмірдегі және инстаграмдағы кейіптерінен көңілім қалды", - деп жазды ол.

Сәния Ілиясова өзінің бизнесін ары қарай жалғастыратынын және болашақта орамалға қайта келетінін айтты.

"Әзірге осылай. Бәлкім бір айдан соң немесе бір жылдан кейін, 5 жылдан кейін тірі болсам, орамалға қайта келетін шығармын. Болашақты болжап, ештеңеге кепілдік бере алмаймын. Бәрі Алланың қалауымен болады.

Оранғандарға арнап әдемі киімдерді шығара беремін. Бұл істі сондай жақсы көремін. Тіпті басқа істеген істерімнен де артық көремін. Сіздер үшін жасаған әр ісім үшін бақытты боламын. Алдағы уақытта нәпсім, мақтанышым үшін ғана емес таза ниетпен орамалдың мәнін ұққанда, тыныштықты Құдай мен менің арамдағы нәрсе екенін түсінгенде ғана ораламын" деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз