"Жалақысы - 800 мың теңге". Cудьялар шалғай ауданда неге жұмыс істегісі келмейді?

Депутаттар шалғай ауданда судьялар неге жұмыс істегісі келмейтініне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Парламенттің бірлескен отырысында "Қазақстанның сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстанның Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң жобасы талқыға салынды.

Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шиптің айтуынша, бүгінде елімізде судьялар үшін 350-ден аса бос жұмыс орны бар.

"Біздің ойымызша, заңға енгізілген түзетулер бос судья орнына маман тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық сотында судьяның орны 3 жылдан бері бос тұр. Онда барып, жұмыс істегісі келетіндер жоқ", - деді төраға Парламенттің бірлескен отырысында.

Жиыннан соң Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мұндай мәселе бар екенін растады.

"Біз бен сіз ойлағандай судьялардың жағдайы мәз емес. Олардың жалақысы бір кезі жақсы көтерілді. Кейін инфляция салдарынан қайта аз болып қалды. Сондай-ақ, оларды материалдық және тұрғын үймен, көлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей жатыр", - деді ол.

Оның сөзін сенатор Нұрлан Бекназаров толықтырды.

"Жалақымен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталайын. Олардың жалақысы 300 мың теңге дегенге келісе қоймаспын. Өйткені аудандық судьялардың жалақысы 700-800 мың теңгеден басталады. Елімізде Еңбек туралы заңға сәйкес судьяларды қамтамасыз ету ерекше қаралған", - деді депутат.

Сондай-ақ, ол судьялардың шалғай ауданға неге жұмыс істегісі келмейтінін түсіндірді.

"Шалғай аудандарға олардың бармауы әлеуметтік пакет аздығынан емес. Тұрмыстық жағдайға байланысты. Ол жаққа барғанда тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі. Қазір осындай мәселе туындап отыр. Қазір бізде судьялар үшін 350-ден аса бос жұмыс орны бар. Оның ішінде 20 орын ғана шалғай аудандар мен аз қамтылған соттарда.

Бүгінгі (Парламенттік бірлескен отырысында талқыланған заңдағы) нормада біз судьяның кандидатурасын анықтап, ұсыныс беретін Жоғарғы сот кеңесінің құқығын сәл кеңейттік. Осылайша, шалғай аудардар мен аз қамтылған соттардың құрамына кандидатураларды ұсынған кезде талаптарды қалдырып, конкурс өткізбей-ақ (судьяны - еск.) ұсыну мәселесі қаралып отыр. Осылайша, бос орындарды толтыру қажет", - деді Нұрлан Бекназаров.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!