Депутат жастарды әскерге күштеп әкетуді қолдайды

Жастарды әскерге күштеп әкетуді қолдаймын. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан видео тараған еді.

"Мұндай жағдай тек Қазақстанда болып жатқан жоқ. Көршілес елдер де осындай жағдай болып жатыр. Оның үстіне соңғы геосаяси жағдайға байланысты әскерімізді күшейту қажет. Одан басқа жол жоқ. Мен (жастарды әскерге күштеп әкетуді – автор) қолдаймын. Дұрыс деп есептеймін. Себебі, Конституция бойынша (әскерге бару) әр азаматтың борышы, міндеті", - деді Абзал Құспан Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысынан соң.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі жастарды әскерге күштеп әкетуге қатысты түсінік берген еді.

"Шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмеу фактілері болып жатыр. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар бар. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді", - деп жазылған Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Ведомство мәліметінше, рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді.

"Мұндай жағдайда полиция оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуге құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді", - деп жазылған хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз