30 жыл бойы ауыз суды тасып ішеді. Қарағандылық тұрғындар дабыл қақты

Қарағанды облысы Қарағайлы кентінде тұрғындар ауыз суды ауыл іргесіндегі құдықтан тасып ішуде. Ал, орталықтандырылған кәріз жүйесі атымен жоқ. Осыдан екі жыл бұрын республикалық бағдарламамен ауыз су мен кәріз құбырларын тарту жұмыстары басталған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Гаухар Ержанова жергілікті кен өндіру фабрикасында жұмыс істейді. Ал су тасу екінші жұмысына айналған. Отағасы үйде болмағанда су құятын ауыр бөшкілерді белі қайысып өзі көтереді. Кейде тіршілік нәрі үшін ауылдың арғы басына баруға тура келеді.

"Ес білгелі суды осылай тасып ішеміз. Неше жыл болды,  су тасимыз, қыста да, жазда да. Скважина бар, бірақ ащы су пайдалануға келмейді. Су болмайтын кездер де болады. Дүкеннен сатып аласың. Су болса жақсы ғой, енді ел кірін жуып, бақшасын суара алады", - деді тұрғын Гаухар Ержанова.

Бұл елді мекенде бір жылдары тіршілік жанданып, тұрғындар саны 16 мыңнан асып жығылған. Бірақ кейін ауыл тарап 4 мыңға жуық адам ғана қалды. Қарағайлы кентінде мыңнан аса тұрғын үй болса сонын тек 20% ғана ауыз сумен қамтылған. Қалғандары құдық қазып, болмаса сырттан тасып жан бағуда. Ауыл адамдары 30 жыл бойы орталықтандырылған кәріз жүйесінсіз, ауыз сусыз өмір сүріп келеді. Кентте 2022 жылы орталықтандырылған ауыз су мен кәріз құбырларын тарту жұмыстары басталды. Оған 6 миллиард теңге бөлінген. Осы қаражатқа 52 шақырым ауыз су мен 32 шақырым кәріз құбыры жүргізілуі керек.

"Бұл екі құрылыста ұлттық жоба арқылы жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта көшелерде құбырлар қазылып жатыр. Құдықтар орнатылуда. Жеке-жеке үйлерге құбырлар тартылып жатыр. Жалпы енді жұмыс өз графигімен сәйкес істеліп жатыр", -  деді Қарағайлы кентінің әкімі Мұратбек Әкімбаев

Одан бөлек Қарағанды қаласының іргесінде орналасқан Сахалин ауылында да 1100 тұрғынға арналған ауыз су мен кәріз құбырлары тартылуда. Бүгінде облыста бұл мәселе 99 пайызға шешімін тапты. Барлық аймақтағы жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!