Дикий Арманның ісі неге ұзақ тергеліп жатыр?

Дикий Арманның ісі неге ұзақ тергеліп жатыр?
Фото: видеодан кадр

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің ісі неге ұзақ тергеліп жатқанына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мен ("Дикий Арманға" қатысты – автор) қылмыстық істермен танысқан жоқпын, оны қарау құзыретіме кірмейді. Істі басқа инстацияның өндірісінде жатыр", - деді Назгүл Рахметуллина Парлементтің бірлескен отырысынан соң.

Сондай-ақ төраға істің ұзақ тергелуіне қатысты өз ойын айтты.

"Барлығы іске байланысты. Онда қанша қатысушы, куәгер, сарапшы, айыпталушы, аудио, бейне жазбалар, жасырын тергеу әрекеті, жедел іздестіру іс-шарасы бар. Мұның бәрін ескеріп, зерделеу керек. Бұған жауап алу, адвокаттардың, прокурордың сөз сөйлеуі мен өтініштарын қосыңыз. Сондықтан сот мұның бәрін қарауға міндетті. Біз бұған шектеу қоя алмаймыз. Барлығын сот шешеді. Әрбір инстанция жағдайға байланысты мәселені қарастырып, жеке шешім қабылдайды", - деді ол.

Еске салайық, 2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты 7 мамырда Алматыда полиция "Дикий Арман" лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті қамауға алған еді. Ол Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында қамауда отыр.

"Әлеуметтік желілерде "Жұмагелдиев босатылды" немесе "оны белгісіз бағытта алып кетті" деген түрлі болжам мен жалған ақпарат тарап жатыр. Егер басында бұл азаматты полиция атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатқанын ресми түрде хабарлаймын. Қазір арнайы прокурорлар 2 қылмыстық істі біріктіріп, өз тергеуіне алды. Ал Жұмагелдиев ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылды", - деді Бас прокуратура Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров ОҚК-де өткен брифингте.

Сондай-ақ ол қаңтар оқиғасы кезінде "Дикий Арманның" 24 адамды күшпен ұстағанын айтқан.

"Бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 мүшесі, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталды. Олардың қатарында "Дикий Арман" лақап атымен танымал - Жұмагелдиев және оның топ мүшелері де бар. Бұл тұлға туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, салдарынан бір адам қаза болды. Бұдан басқа, қарақшылар Алматыдағы 12-қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған", - деді Ризабек Ожаров.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Есен