Тараздың қақ ортасында тұратын тұрғындар құдықтан су ішіп отыр

Тараздың қақ ортасында тұратын тұрғындар құдықтан су ішіп отыр
Фото: "Алматы" телеарнасы

Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан көше инфрақұрылымнан жұрдай. Мұндағы 300-ге жуық тұрғын әлі күнге таза ауызсу желісіне қосылмаған. Ал жолы 40 жылдан бері жөнделмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындар орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылу үшін басқа көшеден өз қаржысына құбыр тартуы керек. Ол үшін әр үй 500 мың теңгеден жинауға міндеттеліпті. Бірақ олар "бұл сома қалтамызға едәуір салмақ салады" дейді. Ал ой-шұңқыры көп көшеге асфальт соңғы рет 1980 жылдары салынған. Тұрғын үйлер кәріз жүйесіне жалғанбаған. Сондықтан кей жердің сарқынды суы жер бетінде көлкіп жатыр. Ал жауаптылар кәріз мәселесі қаржыға байланысты екенін айтты. Қордаланған жайттың шешімі шығуы үшін бюджеттен қаражат қарастырылса, жеткілікті.  

"Кәріз тазарту құрылысы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс жұмысы 2025 жылы басталады. Қала аумағындағы көшелерді кәріз жүйесіне қосу назарға алынады", - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Серік Тұрғын.

Қаладағы ауызсу мен жолдың мәселесі биыл шешілуі мүмкін. Жауапты бөлім жоба жасауға кірісіп кетіпті. Ал су құбыры мен жол жайы қаржы мен уақыттың еншісінде. 

Айта кетейік, Таразда 4 саяжай мен шалғай жатқан 7 тұрғын үй алқабы кәріз жүйесіне жалғанбаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова