Құрбан айтта Алматыда мал соятын арнайы орындар анықталды

Қасиетті Құрбан айт биыл 16 маусымда басталады. Алматыда санитариялық талаптар сақталуы үшін мал сату мен союға, таратуға арналған 14 арнайы орын бекітілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айт намазы 16 маусымда Алматы қаласында таңғы сағат 6:00-де оқылады. Бұл амалдан соң жұрт құрбандық шалу рәсіміне кіріседі. Алты аудандағы 14 мешітте қазір арнайы қасапханалар дайындалып қойған. Ал құрбандықты мұқтаждарға беремін деген жандар үшін 54 мешітте етті сақтауға арналған қабылдау пункттері ашылып, мұздатқыштар қойылған. Тіпті кейбірінде малды уақытша ұстау орындары да қарастырылыпты.  

"Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманға құрбандық шалу міндетті. Сосын жергілікті адам болуы керек. Алматының тұрғындары осы жерде парызын өтейді. Ал сапарда жүрсе, міндетті емес", - деді ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі Қажы Қоңыратбайұлы.

Мейрам қарсаңында діни басқарма қызметкерлері қала аумағында мал сатылатын арнайы орын да бекітілгенін айтты. Ол Алатау ауданы Ф.Оңғарсынова мен Б.Момышұлы көшелерінің аралығындағы кіші Мөңке би көшесінде орналасқан.

"Құрбандыққа төрт-түлік мал шалынады. Өз мүмкіндігіне қарайды. Қой мен ешкінің еркегін шалған абзалырақ", - деді ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі Қажы Қоңыратбайұлы.

Құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі 1 жасқа жетуі керек. Ал ірі қара 2 жасқа, түйе 5 жасқа толуы шарт. Бір жасқа толмаған, бірақ ірі, семіз қойды құрбандыққа шалуға рұқсат етілген. Бастысы, сау малды сою қажет. Діни басқарманың қызметкерлері құрбан шалу рәсімін онлайн да өткізуге болатынын айтты. Qurban2024.kz сайты арқылы қазақстандықтар құрбандық малының кез келген түрін, онлайн төлем жасап таңдап ала алады. Ізгі амалдың әділ жүруі үшін тапсырыс берушіге бейнеесеп те жіберіледі.  

Құрбан шалу рәсімін онлайн өткізуге арналған сайт қосылды

"Кез келген ғибадатты орындағанда тазалық болуы керек. Қарамағымыздағы адамдарды, көршілерді қадағалап отыруымыз керек. Ислам тазалықтан басталады. Адамның киімі, денесінің тазалығы және ең бастысы жүрек тазалығы болуы керек", - деді Кенжеәлі Қажы Қоңыратбайұлы.  

Құрбан айт мерекесі осы жексенбі, яғни 16 маусымда басталып, үш күнге жалғасады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мейрам қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасап, мал бағасын қолдан көтермеуге, азық-түлік құнына мейілінше жеңілдік жасауға шақырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің айтуынша, бұл күндері қайырымдылықтан қол үзбей, жақындарды қуантуға, ізгі амалдарды жиі жасауға ұмтылу керек.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Құрбан айтта құрбандық шалатын орындар анықталғаны хабарланды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз