Отарда сарбаз әлімжеттік құрбаны болған: дәрігерлер науқастың жағдайы туралы айтты

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жатқан сарбаз әлімжеттік құрбаны болған. Әскерде жүргеніне небары 23 күн өткенде қостанайлық 19 жастағы Нұржігіт Әбдіпатта комадан бір-ақ шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарбаздың анасы Adyrna.kz-ке берген сұхбатында ұлын Дастан Тұрлан есімді кіші сержант ұрып-соққанын айтқан.

"9 маусымда сағат 16:30 шамасында хабарласып, балам Қордайдың орталық ауруханасына ауыр жағдаймен жеткізіліп, жансақтау бөліміне түскенін айтты. Балам қазір жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған, ес-түссіз жатыр. Алғашында әскери емханаларына өз аяғымен келген. Сол кезде қабылдаған дәрігерге кіші сержант Дастан Тұрлан ұрғанын айтқан. Іштен ұрған соң іші ауырып, дәрігерлеріне дәрі сұрап барған. Сосын жағдайы нашарлап орталық ауруханаға жөнелтілген", - дейді анасы.

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне жауапты маман Толқын Өмірбаеваның айтуынша, науқастың жағдайы ауыр болуына байланысты облыс орталығының не басқа ауруханаға көшіруге болмайды екен.

"2005 жылғы науқас Нұржігіт Асанұлына полисегментарлық пневмония (вирусты этиология болуы да ықтимал) диагнозы қойылған. Науқас кеуде тұсынан соққы алғанын айтқан. Демалуы қиын, өкпесі зақымданған. 3-4 сатыдағы инфекциялық уытты шок. Сепсис. Мидың гипоксиялық ісінуі, 2-3 сатыдағы ми комасы. Қанның таратылған тамырішілік ұюы. 9 маусымнан бері (4 тәулік) клиникалық өлім жағдайында. Көптеген органның жеткіліксіздігіне байланысты науқастың жағдайы аса ауыр халде сақталады. Бүйректі алмастыру терапиясы жалғасып жатыр", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген хабарламасында.

Құқық қорғау органдары Қылмыстықтық кодекстің 451-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталінде 18 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан қайтыс болғаны хабарланды.

Айдос Қосыбаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!