Әншілерге сахнада боқтауға болмайды - Аида Балаева

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда әншілерге сахнада боқтауға болмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның пікірінше, әншілер басқаларға үлгі болуға тиіс.

"Мәдениет қайраткерлерінің міндеті - рухани құндылықты насихаттау, мәдениетті қалыптастыру. Егер біз сахнада ішімдік ішуге немесе есірткі заттарын тұтынуға рұқсат етсек, бұл (қоғамға - еск.) қалай әсер етеді? Сондықтан қазір біз сахнаны құрметтеу керек деген мәселені көтеріп жатырмыз. Сахнаға шығып, өзінің таланты арқылы ақша тауып жүрген әнші өз көрерменін құрметтеуі керек. Сондықтан ол жағдайы мен мінез-құлқын бақылауы керек. Боқтауға мүлдем болмайды. Мұны сахнада қалай елестетуге болады?" - деді Аида Балаева Сенаттың кулуарында.

Оның айтуынша, шетелдік әншілер де бұл талапқа бағынуға керек.

"Қалай болғанда да келісімшартта ненің болатынын, ненің болмайтынын жазу қажет. Мұны біз неге істеуіміз керек? Себебі шетелдік әртістер еліміздің аумағында өнер көрсетеді. Сондықтан олар біздің заңдарымызды құрметтеп, бағынуға тиіс", - деп сөзін түйіндеді министр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!