Жүктілік және босанғаннан кейінгі күтімде әйелдер қандай қателік жібереді? Кәсіби маманмен сұхбат

Жүктілік және босанғаннан кейінгі күтімде әйелдер қандай қателік жібереді? Кәсіби маманмен сұхбат
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда

Сәби - отбасының қуанышы. Дені сау баланы дүниеге әкелу үшін ананың да саулығы маңызды. Қазір жас аналарға ақпарат та, салалық маман да көп. Тек маңыздысын, қажетін таңдай алған жөн. Осы орайда Massaget.kz тілшісі жүкті аналарды босануға дайындайтын қазақтілді орталыққа барып, басшысы Дана Аркабаевамен сұхбаттасты. 

"Орталықты ашуыма алғашқы жүктілігім әсер етті"

Алматы қаласындағы "Ұмай ана" орталығы 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Басшысы Дана Аркабаеваның айтуынша, өзінің босану кезеңіндегі оқиға осындай орталық ашуға түрткі болған.

"Үш ұлдың анасымын. Алғашқы ұлымды Таразда босандым. Ол кезде баламды дүниеге әкелу процесі жақсы болғанымен, естелігі нашар болды. Ұзақ уақытқа дейін өзімді кінәлі сезіндім. Екінші балама жүкті кезде Алматыда болған едік. Сол кезде босануға дайындық курсы бар екенін естідім. Бірақ орыс тілінде еді. Барып қатыстым, барлығы ұнады. "Қандай керемет, егер осы қазақ тілінде болса ғой" деп ойладым. "Ауылдағы қыз-келіншектер де осы туралы білсе ғой" деген арман болды. Сөйтіп, екінші ұлымды дүниеге әкелетін кезде доула іздедім. Ол кезде доулалардың бәрі украиндықтар, орыстар еді. Жаныма жақын қазақтілді қыз таппадым. Орыс болса да Юля деген қызбен келісіп, соны доула етіп алдым. Баламды жеңіл, өзім ойлағандай керемет, ауырсынусыз дүниеге әкелдім. Ол кезде аквааэробика, йогаға бардым. Мұның бәрі әсер етті деп ойлаймын", - деді ол.

Осыдан кейін кейіпкеріміз өзі секілді келіншектерге мұндай қызмет түрі қажет екеніне көзі жетеді.

"Негізгі жұмысым - маркетолог. Халықаралық компанияда істедім. Бірнеше жылдық тәжірибем бар. Алайда екінші ұлымды дүниеге әкелген соң осы саланы көп зерттедім. Үшіншіме аяғым ауыр кезде жұмыстан шығып кеттім де жан қалауымды жасамақ болып, осы тақырыпта парақша ашып, онлайн жүргізіп көрдім. Бірақ жүрмеді. 2018 жылы қазір жұмыс істеп жүрген әріптестеріммен таныстым. Идеямды айтып жүрдім. Сөйтіп, 2023 жылы Гүлнаш Тасболатова, Айман Байтұрсын, Аяулы Рахметуллина төртеуіміз бірігіп, "Ұмай ана" орталығын ашуға шешім қабылдадық. Төртеуміз де кәсіби доуламыз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Бірақ басында кеңсеміз жоқ, ақшамыз жоқ. Не істерімізді білмедік. Қарызданып, орталығымызды аштық. Кейін қарыздарды қайтардық қой. Міне, содан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Осымен 14-лекті оқытып шығардық. Әр айда бір лектен, яғни бұл уақытқа дейін 100-ден аса келіншекті оқыттық", - деді ол.

"Жүкті аналарға йогаға қатысу маңызды"

Дана Аркабаеваның айтуынша, орталықта бірнеше маман әр сала бойынша жұмыс істейді.

"Орталықтағы мамандардың барлығы кәсіби, кең салалы мамандар. Біз жүктілерге арналған курспен қатар, консультация береміз, доула, босанудан кейінгі қалыпқа келтіру маманымен таныстырамыз, емізу техникасын үйретеміз. Сондай-ақ, йогаға қатыса алады. Жалпы жүктілерге арналған йогаға қауіпті белгілер және жатыр мойыны қысқа болмаса, 12 аптадан бастап қатыса беруге болады. Яғни бала 12 аптада жатырға тұрақталады. Бұл дененің иілгіш болуына әсер етеді. Сондай-ақ, дұрыс тыныстауды үйренеді. Толғақ қысқан кезде дұрыс тыныс алу маңызды. Себебі толғақ кезінде 80 пайыз аяқта тұрасың. Сол кезде аяқ мықты болу керек. Шыныққан әйелден шыныққан бала туылады. Дұрыс тыныстау арқылы балаға оттегі де жақсы барады. Ал курстарға 30-32 аптада,  декреттік демалысқа шыққаннан соң қатысқаны жөн. 37 аптадан кейін кеш болады. Себебі ол кезде жүру де қиындайды әрі толғақ та басталып кетуі мүмкін", - деді орталық басшысы. 

Орталықтың негізгі мақсаты - жайлы, табиғи босану туралы қыз-келіншектерді сауаттандыру, дені сау ана мен бала санының артуына себепкер болу.

"Біз орталықты ашқан кезде әйел адамның денсаулығы Қазақстанда құндылық ретінде қарастырылмады. Сол үшін алғашқыда доула, босануға дайындық бәрін кеңінен түсіндіріп бастадық. Қазір ай сайын жүктілерге арналған жалпы кездесу өткіземіз. Оған келіншектер күйеуі, анасымен қатыса алады. Сол кезде аналар "біздің кезімізде мұндай болғанда ғой, бар жағдайды пайдалану керек" деп айтып кетеді. Жалпы "Ұмай ана" орталығының басты мақсаты - қазақ тіліндегі жүкті аналарға арналған дүниеге дені сау сәби әкелу туралы ақпаратты көбейту, әйел адамның денсаулығы құнды екенін көрсету. Орталықтың атауын қоярда ұзақ ойланбадым. Ислам діні келгенге дейін бабаларымыз тәңіршіл болды. Тәңір бәрінің құдайы деп сенді. Ал Ұмай ана жаңа туған нәрестелердің және аналардың жәрдемшісі деп сенген. Міне, осылай біздің жүкті келіншектерге, босанған келіншектерге қамқоршы болсын деп "Ұмай ана" деп атадық. Қазақтың анасы әр баласын дүниеге сау етіп әкелсе деп армандаймыз", - деді ол.

"Баланың дүниеге келуіне екі адам еңбек етеді"

Оның айтуынша, іштегі бала дайын болған кезде анасына сигнал береді.

"Негізінде әйелдер көбінесе "мен босанып жатырмын" деп ойлайды. Шынында, бұл жерде екі адам жұмыс істейді: баласы мен анасы. Бала іште жатып, анасына "мен дайынмын" деп сигнал береді. Сол кезде анасының миы гормондар бөле бастайды да, организм босануға дайындықты бастайды. Баланың дүниеге келу кезеңінде екеуі де еңбектенеді. Біз баланың 1 жасқа толу тойын алғашқы туған күні деп тойлаймыз ғой. Ал негізінде оның ең бірінші туған күні - оның дүниеге келген кезі. Бала дүниеге келген соң, оны анасының кеудесіне жатқызады. Сол сәтте барлық қиындықтан кейін анасымен қауышқан бала марапат алғандай сезімде болады екен. Кейін өскен кезде алдынан келген қиындықтарға мойымай өткере алады", - деді ол.

Орталықтағы жүкті әйелдерге арналған курс 5 сабақтан тұрады. Әрқайсысы 3 сағат уақыт өткізіледі.

"Курс 5 сабақтан тұрады. Қазақтілді аудитория болған соң бізге Тұздыбастау, Талғар, Алматы облысындағы шалғай ауылдардан келіп жатады. Жүкті әйелдерге жүру қиын. Сол үшін біз керек ақпараттың бәрін сол бес сабаққа сыйдырдық. Әр сабақтан соң бір күн демалыс беріледі. Бір сабақ үш сағаттан өтеді. Курста жүктіліктен бастап, босанғаннан кейінгі күтімді де оқып шығады. Атап айтқанда, дені сау жүктілік болу үшін не істеу керек, босану кезеңдері, толғақ кезінде нені білген жөн, босанғаннан кейінгі күтім, емізу техникалары, шілде тер шығару, қандай тамақ жеген жөн, босанудан кейінгі күйзелістің алдын алу, т.б. барлық ақпаратты береміз. Курстың соңғы күнінде жүкті әйелдің қасына кіретін серіктесі туралы айтамыз. Сол сабаққа күйеуі немесе анасы келіп қатысуына болады. Сондай-ақ, әйел адамның 40 күнге дейінгі күтімінің маңыздылығы туралы айтамыз", - деді ол.

"Қой еті әйелге жұмсақтық береді"

Дана Аркабаева босанған әйелге қырық күн бойы қойдың сорпасын ішудің маңыздылығын айтты.

"Босанғаннан кейін әйел қойдың етін жеп, сорпасын ішу керек. Көп қыздар "қойдың етін жей алмаймын, иісі біртүрлі" деп жатады. Қойды жай ғана таңдай білу керек. Қазақы қойдың, тоқтының иісі болмайды. Қазір ғалымдарымыз сиыр еті адам денесіне суықтық беретіні туралы айтып жатыр. Себебі сиыр етінің майлары ішекке барып жабысып қалады екен. Ал қойдың еті, майы адам денесіне түссе еріп кетеді. Қой еті әйелге жұмсақтық береді, шілде терін шығарып, сүйек-сүйегінің орнына келуіне, жалпы организмінің қалыпқа келуіне жақсы көмектеседі. Жылқы еті де жақсы әсер етеді, бірақ оны жеген адамның ыстығы көтеріліп, әрекет жасағысы келеді екен. Терлеп алып, тірлік істеген кезде жаңағы тердің бәрі қатып қалады. Сол үшін 40 күнге дейін ең жайлы тамақ - қойдың сорпасы мен тары. Сүтті шай болмаса да, тарыны бөлек пісіріп, бөлек жеу пайдалы. Бұл іш қатуының алдын алады, емшек сүтінің құнарлылығын көбейтеді", - деді ол.

Сондай-ақ, ол шілде тер шығарудың әйел денсаулығына әсерін де атап өтті.

"Босанған ананы арнайы отырып терлету керек. Бұрын қазақтар киізге, көрпеге әйелді орап тастаған. Сол кезде сорпа ішкізген. Әйел бұрқ етіп терлеген кезде, тағы сорпа береді. Солай үш рет жасаған. Бұл нағыз шілде тер шығару екен. Мұны күнделікті болмаса да 2-3 күн сайын жасап тұру керек. Бізде босанған кезде өте көп гормондар бөлінеді де, егер ол денеден шықпаса әйелдің сүйек-сүйегін сырқыратады", - деді ол. 

"Доула құны 120 мың теңгеден басталады"

Баланы дүниеге әкелген сәтте әйелдің өзін жақсы сезінуі үшін қасындағы серіктесінің жайлы болуы маңызды.

"Әйел өзін жақсы сезінгенде ғана баланы жақсы жағдайда дүниеге әкеледі. Ондай кезде қасында серіктестің болғаны жақсы. Негізі әйелдер көбінесе күйеуін немесе анасы, енесін алып кіреді. Ол да дұрыс. Алайда кәсіби доула массаж жасап, қай кезде дем алу керек, соның барлығын түсіндіреді.  Доулалардың қызметінің құны 120 мың теңгеден басталады. 36 аптадан бастап 24/7 байланыста болады. Ананың жағдайынан хабардар болып отырады. Баланы дүниеге әкеліп, палатаға ауысқанға дейін қасында болады. Сондықтан доулаларға қазір сұраныс артып келеді", - деді ол.

Орталықтағы мамандар Мишель Оден, Фредерик Лебойе, Лилиан Ламерс, Анхелина Мартинес секілді халықаралық деңгейдегі врач-акушерлерден және доулалардан білім алған.

"Бүгінде Ақтау, Жаңаөзен, Шымкентте біз оқытқан қазақтілді доулаларымыз бар. Доула қазір трендке айналып келе жатыр. Көптеген әйелдер өзінің денсаулығына алаңдайтын болған. Бізге бес жыл бұрын ғана келсе де, доулаға сұраныс әлі де дамиды деп ойлаймын. Дегенмен, елімізде доулалар, босанудан кейінгі қалыпқа келу мамандары жетіспейді. Жалпы доулаға медициналық білімнің қажеті жоқ. Себебі доула медицналық манипуляция жасамайды. Доула тек әйелге қызмет етеді. Әйелдің жанынан табылып, психо-эмоционалдық қызмет көрсетеді. Толғақтың жеңіл өтуіне доуланың көмегі зор", - деді ол.

"Қазақ 40 күн толмаған баланы тірілер санатына қоспаған"

Жаңа туған нәрестені қырық күн бойы үйден шығармау дұрыс емес. Керісінше, ауаға шығарған жөн.

"40 күн бойы бала ет жинайды. Анасы да баласы да 40 күнге дейін о дүние мен бұл дүниенің ортасында болады екен. Жалпы қазақ 40 күнінен аспаған баланы тірі адам санатына қоспаған. Тіпті "кездейсоқ өлім" деген бар. Бала өсіп келе жатады да, ұйықтап жатып, шетінеп кетеді. Оның себебі әлі белгісіз. Бұл өкпесі дұрыс дамымаған балаларда болады екен. 40 күнге дейін бала мен ана әлсіз болады. Сол үшін көпшілік жерге, сауда орталықтарына, тойға бармаған дұрыс. Кейбіреулер 40 күн бойы ешқайда шықпай қояды. Ол дұрыс емес. Бала күніне 15 минут,  жарты сағат далаға шығу керек. Анасы да адамдармен араласу керек. Ең жақсы уақыт - таңғы 11-ге дейін және кешкі 5-тен кейінгі уақыт. Түскі 13:00 мен 16:00 арасында күн қатты қызу болады. Бұл өте зиян", - деді ол.

Сондай-ақ, маман бала дүниеге келгеннен кейін алыс жолға шығу ана мен бала үшін қауіпті екенін айтты.

"Кейбір аналар Алматыда босанады да, "ата-енем басқа қалада" деп баламен бірден жолға шығып кетіп жатады. 40 күн толмаған ана мен баланы жолға шығарғанша ата-енесі келгені жөн. Себебі оларға жол жүру жеңіл. Екіншіден, шалғай жер болса, уақытылы жедел жәрдем көмек көрсете ала ма, жоқ па - белгісіз. Сол үшін барлық жерде салауаттылық керек. Бала 1 айға толған соң жолға шығуына болады", - деді ол.

Кәсіби маманнан кеңес

Дана Аркабаева жүкті аналарға қатысты бірнеше кеңес айтты.

  • "Өздеріңізді жақсы көріңіздер. Жаныңыз не қалайды, соны беруге тырысыңыздар. Жүкті кезде өзіңізге ресурс берсеңіз, босанғаннан кейін сол ресурс сізге көмектеседі. Бұрын қазақ баланың сілекейі аға берсе, "анасының жеріктігі қанбаған" деп айтатын болған. Сол үшін жеріктікті міндетті түрде жеу керек. 
  • Ағзадағы барлық жетіспеушіліктер жабылуы тиіс. Дәрумендерді уақытылы ішу керек. 9 ай бойы ана қалай жүреді, босану кезінде сол нәтижесін береді. 
  • Міндетті түрде физикалық жүріс. Жаяу жүру, жүктілерге арналған йога, аэробика. Жүктімін деп жатпау керек, белсенді болған жөн. Белсенді болса, қанайналым жақсы болады да, балаға оттегі жақсы барады. 
  • Кезекті мамандардан ақыл-кеңес алу керек. Көп қыздарға остеопатқа баруды ұсынсақ та, көбісі бармайды. Остеопаттар сүйектермен жұмыс істейді. Егер бір жер қатып қалған болса, бала өте алмай қиналады.Бір сағатта шығатын бала үш сағатта шығуы мүмкні. Көптеген аналарда қорқыныш болады. Психологқа бару керек.
  • Айналаға, ата-анаға, ата-енеге, күйеуге көп ренжи бермеу керек. Ренжісе, соны айту керек немесе қағаз бетіне жазу керек. Реніш баланың шығуна тікелей әсер етеді. Өмірге реніші көп аналардың босануы қиын өтеді екен. Сын айту, реніш - мұның бәрі күрес, "мен қарсымын" дегенді білдіреді. Ал күрес бар жерде босаңсу жоқ", - деді ол.

Сондай-ақ, дүниеге сәби әкелген келіншектерге қатысты кеңестерді ұсынды.

  • Кесарь тілігі болмаса, палатаға келген соң ішпен жатып ұйықтаңыз. Сүт келгенше ішпен жату ыңғайлы. Ішпен жатса, іш тезірек тартылады.
  • 6 айға дейін ешқандай бандаж, корсет киюге болмайды. Егер тақсаңыздар, жатыр төмен түсіп кетуі мүмкін. 
  • Үш "Ж" ережесін ұстанамыз. "Жату, жақсы көру, жалқаулану". 40 күнге дейін төсегіңізде жатыңыз. Балаңызды және өзіңізді жақсы көріңіз және жалқауланыңыз. Әйел адам 40 күнге дейін сүйегі қатпағандықтан аяқта ұзақ тұрмауы керек. Бала ұйықтаған кезде тірлік істей салайын деу дұрыс емес. Бала ұйықтағанда бірге ұйықтау керек. Тірлік бітпейді. Бізде кейбір аналар "балаңды ұстай тұрайын, сен тірлігіңді істей бер" дейді. Бұл - дұрыс емес. Осыны оқыған ата-аналар, өтініш, қыз-келіндеріңізге жандарыңыз ашыса, тамағын пісіріп, үйін жинауға көмектесіңіздер. Баланы құшақтап әйел жату керек. Себебі әйел баласын құшақтаған сайын мейірімі ашылады. Сол кезде сүт те жақсы келеді. 
  • Міндетті түрде ер-азаматыңызбен сөйлесу. Көптеген келіншектер "ол мені түсінбейді" деп ойлайды. Шаршағаныңызды, көңіл-күйіңізді бәрін айтып, жылап алу керек. Сол кезде жеңілдеп қаласыз. Ер адам мұндай кезде өзінің орны бар екенін, маңыздылығын түсінеді. Балаға әкені жақын ететін - әйел. Әйел "ары тұр, сен білмейсің" десе, ер адам ештеңе істегісі келмейді. Сол үшін бәрін бірге жасауды үйрену керек. 
  • Міндетті түрде аптасына 1 сағат өзіне уақыт бөлу. Құрбыңмен шай ішу, шопинг жасау, қыдыру. Әйел сол кезде күйзеліске шалдықпайды. Тіпті, ата-аналарыңызды шақырып, күйеуіңіз екеуіңіз бірге шығыңыздар", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы