Смайылов ЭКСПО ғимараттары өзін ақтамай жатқанын айтты

Смайылов ЭКСПО ғимараттары өзін ақтамай жатқанын айтты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ЭКСПО ғимараттары өзін толық ақтамай жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенат кулуарында төрағаға "Елордада салынған ЭКСПО ғимараттары өзін ақтап жатыр ма? Себебі, бұл ғимараттарды күтіп ұстау мен басқа шығындар бар" деген сұрақ қойылды.

Әлихан Смайылов тексеріс жүргізілетінін жеткізді.

"Қазір олардың табыстары ұлғайды. Бірақ (ЭКСПО ғимараттары – автор) толық өзін-өзі ақтап жатыр деп айта алмаймын", - деді төраға.

Айта кетейік, ЭКСПО халықаралық көрмесі 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйегі аралығында Астанада өткен еді. Көрменің тақырыбы – "Болашақ энергиясы". Іс-шараға 100-ден аса мемлекет қатысқан.

ЭКСПО-ның құрылысы 2014 жылы басталды. Cондай-ақ ЭКСПО көрмесінен ірі көлемде қаражат ұрланғаны да анықталды. "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясын 2,5 жыл басқарған Талғат Ермегияев қамауға алынды. Онымен бірге тағы 23 адам ұсталды. Жалпы көрмеге бөлінген 10,2 млрд теңге ұрланды.

Соттың үкімімен Талғат Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізуге 2015-2017 жылдарға арналған бюджеттен 435 млрд теңге бөлді. 2014 жылдан бастап 2017 жылғы наурызға дейін 543,53 млрд теңге немесе 2 млрд бөлген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Есен