Құс тұмауын кімдер жұқтырып алуы мүмкін?

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға құс тұмауының қаупі, жұқтыру жолдарын ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құс тұмауы қандай ауру?

Құс тұмауы - құстардан адамға берілуі мүмкін, А типті тұмаудың штамдарынан туындаған құстардың жұқпалы ауруы. 

Инфекцияның адамға жұғуы алғаш рет Гонконгта 1997 жылы анықталған, кейін әлем елдерінде құс тұмауының әртүрлі кіші түрлерінен туындаған жағдайлары тіркелді.

Құс тұмауы қандай жолмен жұғады?

"Адам құс тұмауын тыныс алу жолымен, сондай-ақ, ауру жұқтырған құспен тікелей немесе жанама байланыста болғанда, шырышты қабаттар мен қол арқылы жұқтыруы мүмкін. Қауіп факторларына инфекция жұқтырған құсты сою, өңдеу, сондай-ақ, үй жағдайында құстан тамақ дайындау жатады. Ал инфекция жұғуы мүмкін адамдар қатарына ең алдымен фермерлер, құс фабрикаларының, базарлардың қызметкерлері кіреді", - деп жазылған ведомство мәлімтенде.

Министрлік мәліметінше, вирус адамнан адамға берілмейді, құс тұмауы вирустарының дұрыс дайындалған құс еті немесе жұмыртқасы арқылы таралу қаупі жоқ.

Құс тұмауының алдын алу үшін не істеу керек?

Құс тұмауының алдын алу үшін ет пен жұмыртқаны толық дайын болғанға дейін қуыру керек.

Шетелге сапарлар кезінде мына жайттарды ескеру маңызды:

  • құс фермаларына не үй құстарын соятын жерлерге бармау;
  • құс базарларындағы құстарды, олардың қоқысымен ластанған заттарды ұстамау;
  • қолды сабынмен жиі жуу:
  • белгіленбеген жерлерде құс етін немесе жұмыртқасын сатып алмау.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!