Тісін жұтып қойған сәби үш клиникалық өлімнен кейін аман қалды

Тісін жұтып қойған сәби үш клиникалық өлімнен кейін аман қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық"-қа сілтеме жасап.

11 маусым күні кешкі сағат 19:23-те "103" пультіне кішкентай бала қақалып жатқаны жөнінде шақырту түскен. Жедел жәрдем бригадасы бес минут ішінде жеткен кезде 2019 жылы туған бала ес-түссіз жатқан. 

"Балада пульс жоқ, дем алысы жоқ, жатты. Әкесінің айтуынша, 10 минут бұрын астыңғы күрек тісі түсіп, байқаусызда сол тісті жұтып қақалып қалған. Әкесі жедел-жәрдем бригадасы келгенше өздігінен жүрек-өкпе реанимациясын  жасағанымен сәтсіз аяқталған. Фельдшерлер Мейрамгүл Құрмашева мен Айбек Жеңісов реанимациялық шараға кірісіп, барлық апараттарды дайындап кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын бастады. 3 цикл жасағаннан кейін балада тіршілік нышаны пайда болды", - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айгерім САБЫРОВА.

Реанимациядан кейін де балада кері клиникалық өлім белгісі байқалып, қайтып жүрек-өкпе реанимациясын жалғастырған. Жедел-жәрдем автокөлігінің ішінде ауруханаға жеткенше үш рет жүрегі тоқтап, реанимация сәтті болып, ауыр жағдайда Атырау облыстық балалар ауруханасының реанимация бөлімшесіне жеткізілді. Қазір бала жансақтау бөлімінде.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!