520 миллион айналымы бар кәсіпкер әйел қалай абьюз күйеуінен құтылғанын айтты

Кәсіпкер Анара Ерікқызы "Мамский әңгіме" подкастында бұрынғы күйеуінен психологиялық қысым көргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кәсіпкер бұрынғы күйеуімен 10 жыл бірге тұрғанын айтты.

"Менің 3 ұлым бар. Мен ажырасуға қарсымын. Мен қолымнан келгенше отбасыны сақтап қалуға тырыстым. Мен оған тұрмысқа шыққанда ол діншіл адам, мұсылман болды. Менің одан аса хабарым болмады. Мен діншіл адамдар тек жұма күні мешітке барады деп ойладым. Алайда бәрі басқаша болып шықты. Біз бірге тұрған 10 жыл бойы бір рет болсын жаңа жыл, 8 наурыз мерекелерін атап өтпедік. Тыйымдар көбейіп кетті. Киімге байланысты да тыйымдар болды. Бізде ешқашан отбасылық достар болған емес. Себебі бізде ерлер бөлек, әйелдер бөлек отыру керек болды. Біз екеуміз әртүрлі адам болдық. Біз бір-бірімізді дұрыс танымай қосылдық. Маған бәрі "ішпесе, ұрмаса, темекі тартпаса, бәрі жақсы" емес па дейтін. Ол шынымен де жақсы әке болды. Мен бәрінде осылай шығар деп ойладым. 

Алайда тыйымдар одан сайын көбейе берді. Барлық жағдайда емес шығар, бірақ кейде діншіл адамдарда өте терең кетіп қалатын кездер болады. Біз әлеуметтік қоғамда өмір сүреміз ғой, оның әрекеттері жұмыста кедергі тудыра бастады. Мысалы, жеткізушілердің көбі ер адамдар. Ол үшін мен дұрыс амандаспаған боламын. Үнемі бірдеңе дұрыс емес айтып қоймайын деп қорқып жүретінмін. Барлық жерге камералар қоя бастады. Көлігімде GPS бар екенін білдім. Маған өз көлігімде рөлге отыруға болмайтын, барлық жерге өзі апарып тастайтын. Мұның бәрі маған моральды тұрғыда абьюз болатын. Мен бұған шыдамадым", - деді Анара Ерікқызы.

Кәсіпкер бұрынғы күйеуімен ажырасқан кезде оған 20 миллион теңге бергенін айтты.

"Карантин кезінде анамның інісі қайтыс болды. Маған оның жерлеуіне бару керек болды. Мен анама қолдау көрсеткім және оның жанында болғым келді. Бірақ күйеуім тыйым салды. Мен бәрібір барамын деп шештім. Ал ол менімен бірге барғысы келмеді. Алайда тек анаңның жанында ұйықтайтын бол деп айтып жіберді. Ал анам болса, біз үлкендер болып жатамыз, жастар жағы - менің сіңлі-інілеріммен пәтерге барып жатасыңдар деді. Түнде күйеуім қоңырау шалғанда телефонды көтеруге қатты қорықтым. Ол таңға дейін маған 136 рет қоңырау шалған. Мен телефонды көтерсем айқай болатын білдім. Жерлеу рәсіміне барсам, ол анама және әкеме де көп рет қоңырау шалған.

Мен оған ажырасайық деген кезде ол мені қамап тастады, телефонымды, ақшамды алып алды. Мені қылғындыра бастады. Содан соң мен оған ажыраспайтынымызды айттым. Одан кейін бәрі жақсы секілді жүрдім де, ажырасуға дайындалдым. Қалаға әке-шешемді шақырып, үйге солармен бірге бардым.

Ол ақшасыз кетпеймін деді. Мен оған 20 миллион теңге бердім. Ал менде өзімнің көлігім мен үйім қалды", - деді кәсіпкер.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз