Болашаққа қатысты дау: депутат бірқатар ұсыныс жасады

Болашаққа қатысты дау: депутат бірқатар ұсыныс жасады
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Депутат Болат Керімбек қоғамда қызу талқыланып жатқан "Болашақ" бағдарламасына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бір-екі адамға бола бағдарламаны жабамыз деу дұрыс шешім емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Менің ойымша, бір-екі адамның жағымсыз әрекетінен, мыңдаған адамның жолын ашқан бірегей мемлекеттік бағдарламаны жабу деген дұрыс емес. Осы күнге дейін "Болашақ" бағдарламасы бойынша 12 мыңнан аса маман даярланған. Олар рейтингі жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесін алды, әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми және өндірістік тағылымдамалардан өтті, өтіп те жатыр. Бағдарламаның арқасында қаржылай мүмкіншілігі шектеулі ауыл жастарына, мемлекеттік қызметшілерге, ғылыми және педагогикалық қызметкерлерге әлемнің ең мықты университеттерінде білім алуға зор мүмкіндік берілді. Осыдан отыз жыл бұрын бастау алған жоба "мемлекетті білікті кадрлармен қамту тұрғысынан аса қажет" десем, қателеспеймін", - деді депутат.

Болат Керімбектің сөзінше, бүгінде "Болашақ" түлектері Президент аппаратынан бастап, барлық маңызды мекеме мен ұлттық компанияларда қызмет етіп жүр. 

"Болашақ" бағдарламасының түлегі, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев - мидың тамырларына жоғары технологиялық ота жасайтын санаулы дәрігердің бірі. Ол осы уақытқа дейін 6000-нан аса ота жасады. Сонымен қатар, Медет Маханбет 70-тен аса бірегей отаны жаңа әдіспен құлақ қалқанын қалпына келтірген. Бұл бір ғана медицина саласындағы оң тәжірибе. Басқа салаларда да мұндай жетістікке жеткен біліктілігі жоғары мамандар жетерлік", - деді депутат.

Болат Керімбек Үкіметке мынадай шараларды қолға алуды ұсынды:

1. "Болашақ" бағдарламасының құқықтық мәртебесін заң аясында Үкімет бекітуге тиіс.
2. Шетелде қорғалған диссертациялардың электрон банкін жасақтау қажет. Бұл ғылыми жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
3. Тиісті мемлекеттік орган стипендианттарға ел экономикасына қажет тақырып бойынша ғылыми жұмысын жазуға тапсырыс беруі қажет.
4. Оқуға құжат тапсыруды, кепілдікке қойылатын мүліктерді тіркеуді, тіркеуден шығаруды цифрландыру қажет. Бұл өз кезегінде ашықтықты қамтамасыз етеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова