Шымкентте ішек-қарнын сатып алмақ болған қытайлық азамат алданып қалған

Шымкентте ішек-қарнын сатып алмақ болған қытайлық азамат алданып қалған
Фото: КТК

Шымкентте алаяқтарға 73 миллион теңгесін санап берген қытайлық азамат әділдік таппай, енді елшілік жағалап жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қытай азаматы Қазақстанға келіп ірі қараның ішек-қарнын сатып алмақ болыпты. Бірақ Шымкенттегі қасапханаларда "танысымыз бар" деген үш жігіт 73 миллион теңгесін алып, уәде етілген тауарды бермей қойған.

Полицияға да бірден арыз жазылады. Бірақ қылмыстық іс қозғалғанымен, тергеуші айғақ зат ретінде алынған 30 тоннаға жуық ішек-қарынды көп ұзатпай күдіктілерге беріп, іс қысқарған. Ван Ир Чанг есімді қытайлық кәсіпкер наурыз айынан бері Шымкенттің Полиция департаменті мен прокуратурасын айналшықтап жүр. Малдың ішек-қарнын Қытайға алдырып, содан деликатес жасаймын деген 45 жастағы шетелдік Алматыда үш жігітпен танысады. Олар Шымкенттегі қасапханаларда таныстарының көп екенін айтып, төрт айда "30 тонна тауар дайындап қойдық" деп, 73 миллион теңге ақша аудартқызған.

"Қазақстаннан ішек-қарын алдырып, компания ашамын деп ойлағанмын. Әлгілер күнделікті видеомен хабарласып, қойма толы қырыққабат деп аталатын ішек-қарынды көрсеткен соң сеніп, ақша аударып отырдым. Наурыз айында тауарды көзбен көрмекке келсем, еш нәрсе жоқ", - дейді кәсіпкер Ван Ир Чанг.

Шетелдіктің арызынан кейін іс қозғаған полицейлер күдіктілерді ұстап, 756 қап мұздатылған ішек қарынды тәркілеген. Күдіктілер де ақша алғанын, бірақ тауарды бермегенін мойындапты. Дегенмен көп ұзамай айғақ зат ретінде алынған деликатесті алаяқ ретінде күдікке ілінгендерге қайтарып бере салған.

"Ешқандай да мәселе жоқ, болды, іс қысқартылады, біз затты сатып жібердік деген тікелей өзінің айтқан, мойындаған фактісі бар. Алайда сен енді осы іс бойынша біздің мақсатымыз - қытайлықты лақтыру, ештеңе бермеу деген мәселені сол жерде толығымен айтып берген", - дейді адвокат Нұржан Үсіпханов.

Жәбірленушілер күдіктілердің дауысы жазылған аудиожазбаны Шымкенттегі полиция басшылары мен прокурорларға да тыңдатқан. Бірақ ешкім селт етпепті. Алданған кәсіпкер қорғаушыларын алып бүгін полиция департаментіне тағы барды. Тәртіп сақшылары бұл жолы да қылмыстық іс қысқартылған деп қысқа қайырды.

"Құқықтық қатынастардың азаматтық аяда қаралуына байланысты қылмыстық істі тоқтату бойынша шешім қабылданды. Үшбуынды тергеудің ұшбуынды моделі аясында аталған шешім прокуратурамен келісілген", - дейді Шымкент ПД ресми өкілі Бағлан Исатаева.

Қазір кінәсін мойындаған үш жігіттің қайда екені белгісіз. Сондай-ақ ақшасы төленген тауардың да қай жаққа кеткенін ешкім білмейді. Ал Шымкенттің құқық қорғау орындарынан әділдік таппаған шетелдік енді Ішкі істер министрлігіне шағым түсіріп, нәтиже шығаруға үмітті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина