Ақтөбеде құрылыс компаниясы қала ортасындағы ағаштарды отап тастаған

Ақтөбеде құрылыс компаниясы сауда алаңын салу үшін Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы жайқалып өсіп тұрған тал-теректерді отап тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаланың бас көшесіне сән беріп тұрған шағын саябақтың тал-терегі оталғанын көрген тұрғындар ашулы. Олардың айтуынша, жайқалып өсіп тұрған жасыл-желек аумаққа ерекше сән беріп, сол аумаққа балалар мен үлкендердің жиі тынығатын болған. Алайда соңғы аптада аумағы 8 соттық жердің астаң-кестеңі шығыпты. Құрылыс компаниясы барлық талды отап, жерді жаңа ғимарат салуға дайындай бастаған.

"Сквердің қазіргі кейпін көріп көзіме жас келді. Бұл жерде балалар мен үлкендер тынығатын. Ағашы көп, әдемі сквер болды. Жайқалған талдар қаланың микроклиматын жақсартуға да пайдасын тигізіп тұрған еді. Қазір қараңыз, қаншама жасыл-желек кесілді? Біздің талабымыз, әкімдік осы тәртіпсіздікті тоқтатса екен",-деді қала тұрғыны Анаргүл Аюпова.

Ал сол маңдағы сауда орталығының кеңесшісі Айгүл Шүренбаева жасыл-желекті жиі суарып тұратынын айтады. Ол бір күнде ағаштардың тамырымен жұлынғанына наразы.

"Сұмдық жағдай, басшылық қайда қарап отыр. Кешке магазинді жауып, таңертең келсек айналада дымда жоқ. Жердің бәрін қопарып тастаған. Бұл қаланың ортасы, адамдар көп жүреді. Кесілген талдың орнына бір ғимарат салады екен. Ал ешкім бізден рұқсат сұраған жоқ, келісім алған жоқ", - деді Айгүл.

Тал-терегі оталған аумақ сол маңдағы көп қабатты тұрғын үйлер мен сауда ғимараттарына тиіп тұр. Тұрғындар тағы бір ғимарат салынса, тіпті жүретін жолдың қалмайтынын айтады. Ал қалалық әкімдіктің мәліметінше жер 2013 жылы жекеменшікке берілген. Жер иесі сауда алаңын салуды жоспарлаған.

"Әкімдік рұқсат берген кезде сол маңдағы тұрғындарға қоғамдық тыңдауды өткізу керек деген талап қойған. Бірақ жердің иесі қоғамдық тыңдау өткізбеген. Сондықтан Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі құрылыс компаниясын ағаш кескені үшін сотқа беретін болады. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес барлық кесілген ағаштар он есе көлемінде отырғызылатын болады", - деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Аманшин.

Құрылыс компаниясы енді кесілген әр талдың орнына он тал егуі тиіс. Тал-теректі қайда егетінін әкімдік белгілейді. Сондай-ақ тұрғындар рұқсат етпесе, ол жерге сауда алаңын сала алмайды. Жалпы құрылыс компаниялары қала аумағынан тал-теректі кесу үшін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінен рұқсат алуы керек. Рұқсат алған жағдайда да кесілген талдың орнын басқа жерден толтыруы керек.

Кәмшат Қопаева

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!