Қаңтар оқиғасы: Алматы әкімдігін қиратқан 11 адам сотталды

Қаңтар оқиғасы: Алматы әкімдігін қиратқан 11 адам сотталды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын қиратқан 11 адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 11 сотталушыға, жаппай тәртіпсіздіктер мен шабуылдарға қатысқандарына, күзетілетін объектілер және оларды басып алу, сондай-ақ билік өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылық қолдануға (272-бап,269-1-бап 3-бап 380-бап) қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта не анықталды?

2022 жылдың 4-5 қаңтарында сотталушылар жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып қорғалатын объектілерге – Алматы қаласының әкімдігіне, Президент резиденциясына, полиция басылымына заңсыз кірді. Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері мүліктің жойылуына ұласып ауыр зардаптарға әкелді.

Тәртіпсіздік барысында үш сотталушы қоғамдық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдаған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсетті. Ал, сотталушылардың біреуі екі әскери курсантты тұтқынға алып, оларға жеңіл дене жарақаттарын келтірген. Сотталушылар кінәсін жартылай мойындады.

Қандай жаза тағайындалды?

Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін жағдайларды ескерді: сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын, денсаулық жағдайларын, отбасылық жағдайларын және бұрын сотты болмағандарын.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот 10 сотталушыны ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі-1), 4), тармақшалары бойынша кінәлі деп тапты. "Рақымшылық туралы" ҚР Заңы қолданыла отырып, олардың әрқайсысы 1 жылға 9 айға бас бостандығынан айырылды.

Бір сотталушы ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 1), 4), - тармақтары, 269-1-бабының 3-бөлігі, 261-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, оған "Рақымшылық туралы" ҚР Заңы қолданыла отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина