"Жағдай мұндай мүшкіл деп ойламадым". Режиссер Мұрат Есжан жайсыз көрініске куә болғанын айтты

Режиссер Мұрат Есжан өзінің инстаграм-парақшасында жайсыз көрініске куә болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өте бір жайсыз, тіпті, қорқынышты көрініске куә болдым. Жағдай мұндай мүшкіл деп ойламадым.

Өзім тұратын үйдің лифтіне менімен жарыса екі бала мінді. Түрлері қазақ болғанда да, қап-қазақ енді. 7-8 оқитын балалар-ау. Кіре, төртінші қабатты басты.
- Сегізді баса сала ғойшы, - дедім. Қолым бос емес еді.
Екеуі алақ-жұлақ етіп бір-біріне қарады.
- Се-гіз, - деп нақтылап қайталадым. Біреуі жетіні басты. Түсінбей тұрғанын енді ұқтым.
- Ол жеті, маған сегіз керек.
Саусағымен сандардың үстін тағы бір айналып шықты.
- Сен орыссың ба? - дедім орысшалап. Шын сұрадым. Кәріс болуы да мүмкін ғой.
- Нет.
- Атың кім?
- Мирас.
- Мен Сережа, әлде, Саша деп ойладым, - дедім. Жас бала ғой, неге айтып тұрғанымды ұқпады, білем.
Лифт олардың қабатына жетті де, екеуі құтылғанына қуанып, сыртқа зып берді.

Бұл балалар, мақұл, орыс мектебінде оқиды делік. Үйінде орысша сөйлейді делік. Сонда оларға қазақ тілі деген пән оқытылмай ма? Онға дейінгі сандарды білмеу дегенді сипаттайтын сөз таба алмай отырмын енді", - деп жазды Мұрат Есжан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!