"Түрмеге түскендей болады". Әскери сарапшы қазір жас жігіттер неліктен әскерге барудан қашатынын түсіндірді

"Түрмеге түскендей болады". Әскери сарапшы қазір жас жігіттер неліктен әскерге барудан қашатынын түсіндірді
Фото: видеодан кадр

Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов "Bilgen durys" каналына берген сұхбатында қазір жастар неліктен әскерге барғысы келмейтінін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарапшы ер азаматтар әскерге барудан қашып жүрсе, бұл еліміздегі жаяу әскердің жағдайына жағымсыз әсер ететінін айтты. Алайда Ермек Сейітбатталов жастардың әскерге барғысы келмеуінің көптеген себебі бар екенін атап өтті.

"Жастардың әскерге барғысы келмеуінің көптеген себебі бар. Бір мысал келтірейін. Өткен ғасырда, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында әскерге баратын адамдар қолы жұқа, кедей, жұмысшылар болған. Олардың білімі толық емес, киімі бүтін емес, тамағы тоқ емес болған. Ал әскерге барған кезде жаңағы мәселелері түгел шешілген. Әскерде оларға кей мамандықты меңгерткен, көптеген нәрсе үйреткен. Сондықтан ол кезде әскерден келген адам ауылдағы немесе қаладағы басқа балалардан жиі бір саты жоғары саналған.

Қазіргі кезде әскердегі жағдай сол бетімен қалған сияқты, ал адамдардың өмірі өзгеріп кетті. Қазір жас жігіттердің қолдарында гаджеттері бар, барам деген жеріне бара алады, қаражаты бар, киімі бүтін, білімі бар. Оларды алып келеді де, әскердегі жоғарыда айтқандай шартты қойып қойса, олар өздерін түрмеге түскендей сезінеді. Оған қоса, әскерде тәртіпті сұрайды. Көбі үйде ерке болып және ештеңе мұқтаж болмай өседі.

Сондай-ақ әскерде зорлық-зомбылық көрсететін жағдайлар бар. Ақшаларын алып алады. Қазір әлеуметтік желі арқылы бәрі тарап кетеді. Әрине, мұндайды естіген жас жігіттер барғысы келмейді", - дейді сарапшы.

Ол әскерде жастарға университетте оқытатын кей мамандықтарды оқытуға кеңес берді.

"Әскерде соғыста жеңудің әдістерін үйретсе, киімдері толық болса, тек физикалық шынықтырып қана қоймай, университетте оқытатын кей мамандықтарды оқытса және олар әскерден келген кезде әскерге бармағандардан бірнеше бас жоғары болса, барлығы қызығушы еді", - дейді Ермек Сейітбатталов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жапатова