Ет тұтыну екі жарым пайызға өскен - адам басына 80 келіден

Ел тұрғындары етті жақсы жейтін болып шықты. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстан халқының ет тұтынуы осы жылы екі жарым пайызға өскен. Яғни адам басына шаққанда 80 келіден келеді. Күн сайын қымбаттап бара жатқанына қарамастан, қыстық соғымын тауысқан халық дәл қазір етті базардан сатып ала бастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Жұмсақ ет, сүйексіз ет бәрі 3 мыңнан. Төс, қабырға, белдемелері 2600 сол баға. Басқа өзгеріс жоқ. Бауыр,жүрек 1 жарым мыңнан. Сауда ақырын-ақырын жүріп жатыр.Ет жақсы болса, семіз болса, жас мал болса, өтіп жатады. Көкшетау халқы, жасынан кәрісіне дейін етті жақсы жейді. Ет жақсы болса, жақсы өтеді", - дейді ет сатушы Балдырған Бейсембина.

Бұл қара мал етінің бағасы. Көкшетауда семіз сиыр етінің келісі 3 мың теңгеге жеткен. Қой еті де 2600- ден үш мың теңгеге дейін қымбаттапты. Ал халық сүйіп тұтынатын жылқы етінің түр-түрі бар. Әсіресе жазғытұрым сүрленгені 4 мың теңгеге жеткен. Табақтап сатып алатын қонақжай қазаққа 35-40 мың теңгеңіз болса, бір табақ ет ала аласыз. Ас мәзіріне ең көп қолданылатын ет болғандықтан, көпшілік, әсіресе тағамның осы түріне көп шығынданады. Бір адам жылына 170 мың теңгені етке жұмсайды екен. Бұған бағаның да шарықтауы себеп.

"Энерджипром" мәліметі бойынша, бір жылда сиыр еті 6 пайызға , жылқы 3,2 пайызға, қой мен құс еті шамамен 4 пайызға, ал шұжық өнімдер 5,1 пайызға қымбаттапты.

"Біздің қазақ баяғыдан ет жеп үйренген. Сол үшін қыста соғым сояды. Жаздыгүні соғым соймағаннан кейін базарға келеді. Бәріміз осы базардан аламыз ғой. Бағасы қымбат. Үнемі қымбаттап жатады. Жұрт аш отыра ма?", - дейді Майра Тыныбаева. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!