Астанада полицейлер гашиш сатумен айналысқан күдіктілерді ұстады

"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында экстремизмге қарсы күрес басқармасының полицейлері елордада гашиш сатумен айналысқан шетелдікті анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

36 жастағы шетелдік ғимараттың ауласында есірткі сатпақ болған жерінде ұсталған. Жеке тінту кезінде ер адамның шұлығынан сұр-жасыл түсті зат салынған 1 пакет, сонымен қатар оның әмиянынан 5 дана осыған ұқсас зат тәркіленген.

Ұсталған адам кінәсін мойындады. Есірткі заттарды заңсыз алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Шетелдік азаматқа қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды.

Сонымен қатар, осы жылдың мамыр айында Астанада шетелдіктің сыбайласы ұсталып, ол да уақытша ұстау изоляторында қамалған болатын. Гашиш есірткі заты есірткі сатушыларға еліміздің оңтүстік аумағынан жеткізілгені белгілі болған. Қазір елордада есірткі жеткізу және сатумен айналысқан басқа да сыбайластары анықталып жатыр. Бұған қоса ұсталған адамдар дәстүрлі емес діни көзқарастағы жақтаушылар қатарынан екендігі анықталды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз