БҚО-да салт-дәстүрмен сабақтасқан фән фестивалі өтті

БҚО-да салт-дәстүрмен сабақтасқан фән фестивалі өтті
Фото: Губайдуллин Мади

Орал қаласының "Атамекен" өнер ордасында "Aqjayiq Fashion Festival" сән фестивалінің ІІІ маусымы "Ұлттық киім – ұрпаққа мұра" атауымен өтті.

Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне арналған сән көрсетіліміне сонау Түркия еліне белгілі дизайнер, "Art Fashion Week Europe" негізін қалаушы Айдын Ачик, Қырғызстан дизайнерлер ассосациясының белсенді өкілі Нұрзат Жеенбек, РФ Татарстан Республикасынан келген делегацияны бастаушы Қазан мемлекеттік өнер-мәдениет институтының доценті, Еуразиялық этно-дизайнерлер қауымдастығының мүшесі Расых Салахов, халықаралық сән апталықтарының қатысушысы Эльвина Давлиева, қазандық "Навруз" сән коллекциясының жас дизайнері Найля Бурганова және еліміздің Астана, Тараз, Ақтөбе, Атырау, Шымкент қалаларынан келген қонақтар қатысты.

Салтанатты іс-шарада өңірдегі дизайнер мамандар да бой көрсетті. Сондай-ақ аталмыш салаға қызығушылығы бар жастар да тамашалауға жиналды. Шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева қадірлі қонақтарға ризашылығын білдіріп, фестивальдің ІІІ маусымының ашылуымен құттықтады.

"Ақ Жайық өңірі – Еуропа мен Азияның алтын көпірі іспетті. Мұнда талай жыраулар мен ақындар, өнер тарландары мен батырлар мекен етіп, азаттықтың ақ таңы үшін күрескен. Бұл фестиваль биыл ерекше атаумен өтуде. Жалпы ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Қазақтың ұлттық киімі халықтың тамырын тереңге жайған қолданбалы өнерінің сарқылмас қазынасы екенін аңғаруға болады. Жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін өз киімдерімізді дәріптеу және сол арқылы салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы шеңберінде 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып белгіленгені баршаға белгілі. Дана Абайдың "Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады" деген сөзі бар. Бүгінде ұлттық киім сән-салтанаты жағынан әлемде мойындалған брендке айналып отыр. Осы ретте өзге мемлекеттерден қазақстандық дизайнерлер қауымдастығын қолдап келген қонақтарға алғыс айтамын. Ұлттық киім – біздің ұлттық  нышанымыз", – деді Гүлжанар Болатқызы.

Айта кетейік, бұл фестивальдің алғашқы маусымында Қыз Жібек образы кеңінен дәріптелген болса, кезекті екінші жылда Тақсай ханшайымы және биыл Жәңгір хан мен Фатима бейнелері негізге алынған. Сән көрсетілімінде жиналған жұрттың назарына түрлі образдар, яғни 22 киім топтамасы ұсынылды. Әр топтама өзгеше бағытымен аутордың қиялы мен еңбегінен хабар беріп отырғандай болды.

Сондай-ақ, арасында "Отбасы" тақырыбындағы композиция қойылып, тамашалағандарға ой салып, ұлттық құндылықтарды насихаттады. Ондағы ұлттық киім мен шаңырақтың үлгісі белгілі бір уақыттан немесе заманнан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырды. Шаңырақтың биік, керегенің кең және босағаның берік болуына ықпал ететін адами қасиеттер мен ұлттық тәрбиенің маңызы көрсетілді. Отбасындағы әкенің болмысы мен орны, ананың шексіз мейірімі һәм баланың ата-анаға қарап бой түзеуі образдар арқылы беріліп, қазақы таным-түсініктің тереңдігін дәлелдей түсті.

Аманжол  ИСЛАМҒАЛИ 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz