Астанада маса мен шыбын-шіркей қаптады

Астанада маса мен шыбын-шіркей қаптады , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

"Кешке сыртқа шығудан қалдық, ұсақ жәндіктер ауланы қойып, үйімізге, тіпті аузы-мұрнымызға кіріп жатыр" деген тұрғындар әлеуметтік желіде шағымданып жатыр. Ал әкімдіктегілер мамырдан бері зиянкестермен күресіп жатқанын айтады.

Қазір Астананың саябақтары мен Есіл жағасында демалу мүмкін емес. Бастан-аяқ маса шағып, мазаңыз қашады. Қансорғыштар кешқұрым уақытта қаптайды.

Астана тұрғыны Әйгерім Ибрагимованың үш жастағы қызы да масаға таланған. Есік алдындағы аулада ойнап жүріп, масаға таланған Әнелдің көзі ісіп, қышынып, мазасы кеткен соң, анасы амалсыздан дәрігерге апарған.

"Маса өте көп, үлкен-үлкен. Балаларды шағып тастады, өзімізді де, қалың киінсек те, кешке шығу мүмкін емес. Кішкентай шіркейлер ұшып жүр, мына жерде барлығын көміп тастады ғой, содан ба деймін. Міне, қазір де ұшып жүр. Қызымды шағып тастады, беті ісіп кетті, дәрігерге бардық, антигистамин ішіңіздер деді", - дейді тұрғын.

Астана әкімдігі өкілдері маса мен шыбын-шіркейді мамырдың басынан бері улап жатқандарын айтады. Бұған бюджеттен биыл 600 миллион теңге бөлінген. Оның 100 миллион теңгесін жұмсап та үлгерген. Бұл ақшаға әуелі қала ішіндегі өзен мен су айдындарында улау шарасын өткізген. Қазір саябақтар, көшелер мен тұрғын үйлердегі жәндіктерді улауға кірісіпті.

Мамандар қалада қансорғыш жәндіктер көбейгеніне тасқын себеп екенін айтады. Ал астаналықтардың маса деп жүргені маса емес екен.

"Әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеодағы маса емес, ызылдауық. Олардың түрі ұқсас, бірақ ызылдауық адамды шақпайды. Ызыңдап, жүйкеге тиетіні рас. Сондықтан тұрғындар олардан қорықпасын", - дейді "Столичная дезинфекция" ЖШС атқарушы директоры Алтынбек Мертасов.

Елорада дезинфекция жүргізетін компанияның өкілі үйлердің жертөлесі масаның нағыз ошағы екенін жеткізді. Сондықтан ол жерлерді де улау керек. Ал бұл жұмыспен пәтер иелері кооперативтері айналысуы тиіс екен.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!