"Айқайлаған дауыс естіген": Талдықорғанда полицей баланы соңғы сәтте құтқарып қалды

Талдықорған қаласында полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Патрульдік полицияның рота инспекторы Санат Серікқалиұлы ерлік көрсетіп, Қаратал өзеніне батып бара жатқан баланы құтқарып алды.

6 маусымда сағат 15:43 шамасында Санат Серікқалиұлы "Қызыл тас" саяжайында демалыста жүргенде, көмек сұрап айқайлаған балалардың даусын естіген. Балалар өзенге қарай нұсқаған, инспектор ойланбастан көмекке ұмтылған. Өзенге жүгіріп барып, бір баланың суға батып бара жатқанын көрген.

Судан құтқарылған 11 жастағы жасөспірім демала алмай, көгеріп жатқан. Осы тұста тәртіп сақшысы жылдам әрі батыл әрекет етті. Ол баланы судан шығарып алып, бірден алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған.

Жүрек массажы мен жасанды тыныс беру арқылы инспектор баланың дем алысын қалпына келтірді. Осыдан кейін ол дереу жедел жәрдем шақырған. Бала ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер полиция қызметкерінің дер кезінде, уақтылы көрсеткен кәсіби әрекеті баланың өмірін сақтап қалғанын растады.

Санат Серікқалиұлы бұл әрекеті таңғаларлықтай батырлық емес екенін, кез келген адамның жасайтын әрекеті екенін айтты.

"Мен өз міндетімді атқардым. Адамдарды қорғау мен көмекке келу менің басты парызым", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!