Нағыз көшпенділер дәстүріне сай шара

Заманауи этникалық музыка фестивалі Алматыдағы Абай алаңында маусымның 8 мен 9 күндері өтеді. Шараның бас серіктесі – аса ірі Magnum Cash & Carry бөлшек сауда желісі.

Елімізде қазір қазақи стиль трендте – ұлттық киімдер мен әшекейлер күнделікті образдардың ажырамас бөлігіне айналып, дәстүрлі әуендердің сүйемелдеуімен этномакияж жасайтын бейнероликтер әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинайды. Зерттеушілер номадтардың кодын зерттеуге ден қойған, ал қазақстандықтар халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынна тереңірек үңіліп, түп-тамырына оралғандай.

Халықтың өз мәдени мұрасына оралатынын осыдан 11 жыл бұрын Алматыдағы The Spirit of Tengri фестивалінің ұйымдастырушылары алдын ала болжап,  жай ғана музыкалық іс-шара ұйымдастыру емес, ана сүтімен бойға дарыған музыканың сұлулығын көрсетуге шешім қабылдаған. Шараның форматы мен тақырыбы оңтүстік астана тұрғындары және қонақтарына жақын екені бірінші жылы-ақ байқалды.  Фестиваль қанымызға сіңген әуендер арқылы қазақстандықтардың өнерге деген көзқарасын өзгертіп қана қоймай, Қазақстан мәдениетіне әлем жұртшылығының назарын аударта алды. 

"Фестиваль тұтас еліміздің мәдени жобасы іспеттес, ол – әлемдегі ең ауқымды фестивальдердің бірі. Музыкалық контенті аса сапалы. The Spirit of Tengri фестивалінің арқасында Қазақстанға ел ретінде де, еуразиялық құрлықты, Ұлы Дала мұрасын паш ете алатын алаң ретінде де қызығушылық арта түсті", - деп атап өткен болатын жобаның негізін қалаушы Батыр Қазыбаев.

Бірақ жоба авторлары музыкамен ғана шектеліп қалған жоқ, олар музыкалық алаңның айналасында әр бөлшегі біздің өткеніміз, бүгініміз бен ертеңімізден сыр шертетін ерекше бір әлем жасап қойған.  Жыл сайын фестиваль кезінде қолөнершілер қалашығы бой көтереді, оған шеберлікті жаңадан қолға алған жас авторлармен қатар, нарықта аты шыққан ірі брендтер де, енді таныла бастаған дарынды қолөнершілер де қатысады. Сан түрлі түсті, әр алуан материал мен дизайн бойынша жасалған бұйымдар ұсынылатын жәрмеңкеге жыл сайын  жүздеген адам келіп, қазақтың ою-өрнектері, ағаш астаулары, күміс әшекей-бұйымдарымен танысу арқылы номадтардың рухын сезінеді. 

Жәрмеңкемен қатар, қаланың үздік мейрамханалары ұсынатын ұлттық тағамдар да  көшпенді халықтардың мәдениеті туралы "айтып береді".  Бұл жерде пісіру жолы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан дәстүрлі тағамдардың да, бала кезден таныс тағамдардың жаңаша әзірленген түрлерінің де дәмін татуға болады.

Фестивальдің жылдан-жылға ұйымдастырылып келе жатқан тағы бір қызығы – ұлттық ойындар мен шеберлік-дәрістері, мұнда қазақстандықтар мен шетелден келген қонақтар киізден панно жасауды үйреніп, тоғыз құмалақ пен асық ойнап көреді.

Биыл фестиваль қонақтары суретші Ләйлә Жарқынның перформансын тамашалап, 20 метрлік түскиіз жасауға атсалыса алады. 

Көшпенділердің өмір салты мен мәдениеті туралы толық ақпарат беру үшін, фестиваль ұйымдастырушылары биыл тағы бір жаңашылдық енгізіп отыр. Шара аясында еліміздің атақты зерттеушілері дәріс оқып, Үржар абызының құпиясын бөліседі, аң стилі, оюлардың өмірімізге әсері жайында айтып береді, сондай-ақ, қобыздың тарихы, тәңіршілдіктің қазақ музыка мәдениетіне ықпалы туралы әңгімелейді.  

Сондықтан The Spirit of Tengri – қонақжайлылығы пен меймандостығы әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамның келуіне себепші болған, мультимәдениетті паш ете отырып, ата-бабаларымыздан жеткен құндылықтар – еркіндік, шығармашылық пен отбасын негізге алатын ерекшелігіміз насихатталатын, нағыз көшпенділер дәстүріне сай ұйымдастырылған жоба деп айтуға болады.

Фестиваль қала әкімдігінің қолдауымен өтуде. Толығырақ ақпарат жобаның әлеуметтік желілердегі  парақшаларында және ресми сайтынан білуге болады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!