Алматы облысында сусыз, жолсыз, көгілдір отынсыз отырған ауыл тұрғындары жанайқайын айтты

Алматы облысында сусыз, жолсыз және көгілдір отынсыз отырған ауыл бар. Талғар ауданына қарасты Қайнар елдімекеніндегі ауызсу құдығы қазір мемлекеттің емес, жекенің қарамағында. Сол себепті тұрғындар "су жиналатын мұнарамыз тозып кетті, әп-сәтте құлауы мүмкін" деп шағым айтып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Бұл - қайнарлықтардың ауызсу алып отырған жалғыз құдығы. Артезиан суы 280 метр тереңдіктен келіп, су мұнарасына жиналады. Ал оның жағдайы мүлде нашар. Құбырларының тозығы жетіп, таттанып, тіпті шіруге айналған. Айналасы қоршаусыз тұрған құдықтан төнер қауіп көп.

"Қыс болса су қатады. Екінші қабаттан жоғары су көтерілмейді. Төменде тұрған адамдарға мүлдем бармайды", - деді Қайнар ауылының тұрғыны Ақмарал Аманжолова.

Тұрғындардың айтуынша, тіршілік нәрін үзбей алып отыруға арналған сорғы да жыл сайын бұзылады. Ал ауылдағы 300 отбасы сусыз қалмауы үшін елдімекен азаматтары қалталарынан қаражат жинап, олқылықтың орнын толтыратын көрінеді.

"Қайнар ауылының барлық жері жекеменшік болуына байланысты, 80 сотық 1 гектарға дейінгі жер телімін алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жекеменшік қожайындардан жерді халықтың қажетіне пайдалану үшін қайтарып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан кейін ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтеді. Содан кейін құрылыс жұмыстарына қаражат қарастырылады", - деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Ерікұлы.

Әкімнің сөзіне сүйенсек, жобалық сметалық құжат 2024 жылы дайын болады. Ал келер жылы құрылысқа қаржы бөлініп, су мәселесі шешіле бастайды деп сендірді. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарын мазалап отырған мәселе - газ тапшылығы. 2022 жылы қолданысқа берілуі керек болған жоба құрылысы тағы 2 жылға созылған. Сондай-ақ, қайнарлықтар Көктал ауылына тартылатын қосымша құбыр ауыл ішімен емес, сыртымен өткізілсе деген тілегін жеткізді.

"Ауыл ішінен өтіп жатқан үлкен қысымды газ құбырын сыртқы жолмен жүргізсе дейміз. Халық дүрлігуін тоқтатпайды", - деді Қайнар ауылының тұрғыны Гүлмира Әуелбекова.

Жергілікті әкімдіктің сөзіне сүйенсек, газ тарту жұмыстары 98 пайызға аяқталған. Біткен шаруа 15 шілдеден бастап қолданысқа берілуі тиіс.

"Орташа қысымды газ құбыры мемлекеттік сараптамадан өтті. Тұрғындардың денсаулығына қауіп жоқ. Жерасты арқылы тартылуы керек. Жоба белгіленген", - деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Ерікұлы.

Ауылда қордаланған мәселе мұнымен бітпейді. Түйіні тарқамай, шешімі табылмаған тағы бір жайт - шұрқ-тесік жол. Нақтырақ айтсақ, 10 шақырымдық тасжолдың 450 метріне ғана асфальт төселген. Соның салдарынан жұрт жаңбырда лай кешіп, ыстықта шаң жұтуға мәжбүр. Алайда жергілікті билік су мен газ мәселесі толық шешіліп біткенде ғана тегіс жол салынатынын мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!