Алматы облысында 500-ге жуық отбасы далада қалуы мүмкін

Алматы облысында 429 отбасы далада қалуы мүмкін. Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылында сібір жарасы көмілген орын табылуына байланысты тұрғындардың құжаты заңдастырылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі  Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Шырқы кеткен халық шегесін қағып, шатырын жабуға жақын қалғанда қауіпті аймақта қалдық деп дабыл қағып отыр. Қоныс той күні жақындағанда құжат алатын мерзімі алыстаған ағайын қазір азар да безер күй кешкен.

"Сібір жарасының қоймасы бар деген әңгімені келісімшарты ұзартуға барған кезде ғана білдік. Ауыл округі әкімнің қаулысы бойынша сібір жарасы көмілген жерде және мал қорымының санитарлық қорғау аймағында орналасқан", - деді Н.Тілендиев ауылының тұрғыны Айнаш Иманғалиева.

Халық бұған дейін құжаттар қалай рәсімделіп келгенін түсінбей дал.

"Жерге байланысты шағымданып отырған 429 жер телімі бар. Оның 324 жер телімінде құрылыс салынған. Қателеспесем, 139 тұрғын жекеменшігіне аударып алған", - деді Н. Тілендиев ауылдық округі әкімінің орынбасары Тұрлыбек Анықов. 

Тілендиевтегі тұрғындар талабын тыңдату үшін Іле ауданындағы прокуратураға да барды. Олар ауыл шетінде сібір жарасы көмілген жер барына күмәнмен қарап отырғанын жасырмайды. Алайда расымен қатер бар болса, зерттеп дәлелдесін деп отыр.

"Уәкілетті орган тұлғаларына тиісті баға беріледі. Себебі бұл жақта тек атқарушы орган емес, басқа да жауапты құзырлы органдар бар. Тексеріс аясында анықтап білдік. Ол жерде салынып жатқан үйлер де бар. Салынып болған құрылыстар да бар", - деді Іле ауданы прокурорының орынбасары Дидар Ерғалиев.

Қауіпті аймаққа құжат рәсімделіп кеткені үшін жауапты тұлғаларға тықыр таянбақ. Егер бұл былыққа әкімдік өкілдерінің де қатысы болса, олар да тергеледі. Сондықтан келесі қадамды тексеріс нәтижесі көрсетпек.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!