Алматының кейбір аудандарында ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Алматының кейбір аудандарында ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы әкімдігі өкілдері қаланың мәселе туындаған аудандары сумен тұрақты қамтамасыз етілгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

17 мамырда "Балқаш" таза су резервуары пайдалануға берілген. Жоба аясында 6,9 мың текше метрге 5 резервуар және тәулігіне 7,3 мың текше метрге 3 ұңғыма салынды. 1 маусымнан бастап Юбилейный, Каменск үстірті, Көлсай, Мұзтау шағынауданы тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін резервуарға 6,1 шақырым жаңа магистральдық желі салынған.

"Былтыр желтоқсанда қуаты тәулігіне 15 мың текше метр болатын "Қарғалы" су жинағышының құрылысы аяқталды. 1 маусымда қолданыстағы желілер арқылы су беріле бастады. Сондай-ақ, 6,5 шақырым кәріз коллекторының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан биыл қыркүйекте аяқталады.

"Ақсай" су жинағышының құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Оның қуаты тәулігіне 22 мың текше метр. Қазіргі таңда нысанның дайындығы - 50 пайыз. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау 2025 жылғы қарашаға жоспарланған", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Әкімдік мәліметінше, "Қарғалы", "Ақсай" және "Балқаш" ТСР су жинағыштары қаланың Наурызбай және Медеу ауданының 170 мың тұрғынын, сондай-ақ, Алматы облысының Жаңатұрмыс және Қырғауылды ауылдарының 40 мың тұрғынын тұрақты сумен қамтамасыз етеді.

"Алматының жоғарғы бөлігінің тұрғындарын сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін ақпанда тәулігіне 32 мың текше метр сумен жабдықтаудың резервтік схемасын салу жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Қазіргі таңда 6 ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр, олар үшін 6 тереңдік сорғылары сатып алынды. Алаңдарда негізгі сорғы жабдықтары орнатылады. Резервтік схеманың құрылысын 2024 жылғы 1 шілдеде дейін аяқтау жоспарланған. Бұл Алматының жоғарғы бөлігінің 50 мың тұрғынын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова