Алматы әуежайының жаңа президенті туралы не белгілі?

Альп Эр Тунга Эрсой 16 маусымнан бастап Алматы әуежайының президенті лауазымынан босатылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әуежайдың жаңа президенті болып Гокер Косе тағайындалды.

"Гокер Косе операциялық басқару, жоспарлау, инвестициялау, қаржы менеджменті және әуежай қызметінің тиімділігін арттыру саласында 20 жылға жуық тәжірибеге ие. Косе TAV Airports холдингіне 2005 жылы қосылды. Азаматтық авиация мен әуежайларды басқару және менеджмент саласында тағылымдамадан өтті. Жаңа Анкара Эсенбога әуежайының пайдалану дайындығы бағдарламасын (Operational Readiness and Airport Transfer, ORAT) енгізу процестеріне қатысты", - деп жазылған баспасөз қызметі хабарламасында.

2006 жылы Гокер Косе TAV Airports холдингінің қаржы және стратегия басқармасына шақырылып, онда 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеген. Әуежайлар жобаларының техникалық және экологиялық сараптамасына, сондай-ақ, оларды қаржылық және коммерциялық жоспарлауға белсенді қатысқан. Гокер Косе қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді бюджеттік жоспарлау мен қаржыландыруға, әуежайлардағы инвестициялық жобаларға жетекшілік етті.

2017 жылы Косе Groupe ADP-ның инвестициялар және қаржылық жоспарлау жөніндегі директоры лауазымына кірісіп, Париждегі Шарль де Голь және Орли әуежайларының инвестициялық жобаларын басқарды. Сондай-ақ, Groupe ADP үнді бөлімшесі GMR Airports бизнесін дамыту мәселелерімен айналысқан.

Гокер Косе Таяу Шығыс техникалық университетін бітірген, сондай-ақ, Ыстамбұлдағы Босфор университетінің MBA дәрежесі бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз