"Қорғап қалу керек еді". Актер Нартай Сауданбекұлы Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты іс туралы айтты

"Қорғап қалу керек еді". Актер Нартай Сауданбекұлы Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты іс туралы айтты
Фото: ашық дереккөз

Театр және кино актері, жазушы, драматург Нартай Сауданбекұлы Тұңғышбай Жаманқұлов істі болып жатқан кезде оны ешкім қолдамағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ол кезде "қарнымның ашқаны" рас. Қорғап қалу керек еді. Жарайды, жастарға өкпе артпай-ақ қояйын. Өзінің төл шәкірттері бар ғой. Бірге араласқан достары бар ғой. Солар "ләм" деп айтуы керек еді ғой. Иә, кейін Тұқаң (Тұңғышбай Жаманқұлов) ақталып, жылымық пайда болған кезде "ой, Тұқаң осындай еді" деп талай адам шықты. Бірақ ол сөздер Тұқаңның алдында құнды ма? Ақиқаттың өзі уақытында айтылмаса, еш құны жоқ", - дейді актер "Сұрауы бар" Youtube-арнасына берген сұхбатында. 

Айта кетейік, 2016 жылы 2 қараша күні Қазақстанның сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы режиссер, актер әрі өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталғанын хабарлаған болатын.

Ведомство мәліметінше, Жаманқұлов "Феникс" көркем фильмін түсіру кезінде "бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікке ілінген. Ресми хабарламаға сәйкес тергеу кезінде фильмді түсіру үшін 79 миллион теңге "Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS" компаниясының есеп-шотына аударылған, оның 69 миллионын осы кинокартинаның бас продюсері, әрі компанияның құрылтайшысы "Т. Жаманқұлов талан-таражға түсірген".

Ресми ақпаратта осы істі тексеру кезінде "Қазақфильм" компаниясының экономика бойынша басқарушы директоры мен аталмыш көркем фильмнің атқарушы продюсерінің де қамауға алынғандары жазылған. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина