Көлік ұрлау, ұрлық, бұзақылық және зорлау: сот кәмелетке толмағандарға үкім шығарды

Көлік ұрлау, ұрлық, бұзақылық және зорлау: сот кәмелетке толмағандарға үкім шығарды
Фото: Tengrinews.kz

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Р. және төрт кәмелетке толмағандар - М., А., Н., Қ.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу бойынша:

  • А. және Н. - алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бұзақылық жасау (ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігі 1) тармағы);
  • Қ. - автомобильді ұрлау мақсатынсыз айдап кету (ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігі), сондай-ақ көлік құралына заңсыз кiрумен бөтеннің мүлкін жасалған ұрлық (ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3) тармағы);
  • А. және М. - көлік құралына заңсыз кiрумен адамдар тобының алдын ала сөз байласуылары арқылы жасалған ұрлық (ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3) тармағы);
  • барлық сотталушыға - зорлау, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жас балаға қатысты жыныстық қатынас жасау (ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі);
  • А. - жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау (ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігі) бойынша айып тағылды.

Соттың анықтағаны:

  • 11.05.2023 жылы А. және Н., сауда үйінде темекі тартып келе жатқан Н.-ға ескерту жасаған В.-ға дене жарақаттарын салған;
  • 23.05.2023 жылы Қ. "Лада" маркалы автокөлігін ұрлау мақсатынсыз заңсыз иеленіп, көлік иесіне 725 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтірген;
  • 29.05.2023 жылы Қ. Hyundai маркалы автокөлігіне заңсыз кiріп, ақша қаражатын ұрлап, көлік иесіне 1 млн. теңгеден асатын материалдық залал келтірген;
  • 10.06.2023 жылы А. және М., "Фолгсваген" маркалы автокөлігіне заңсыз кіріп, ұялы телефонды ұрлап, оның иесіне 130 мың теңге материалдық залал келтірген;
  • 11.06.2023 жылы сотталушылар адамдар тобымен жас қыз баланы зорлаған;
  • А. жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасаған.

"Сотталушылардың кінәлары сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген жауаптарымен, жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарап-тексеру, алу, беттестіру хаттамаларымен, жас баладан жауап алу хаттамаларымен, тергеу судьясымен айғақтарды сақтауға қою хаттамасымен, бейнежазбалармен, сараптама қорытындыларымен, соның ішінде жас баланың денесінде көптеген қаңталаудың анықталғаны, қиялдау және еліктеушілік бейімділік белгілері байқалмағаны, тергеу әрекеттеріне қатысушылардан оған психологиялық қысым көрсетілмегендігімен өз дәлелін тапты", - деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Тараптардың позициясы

Прокурор тағылған айыпты толығымен қолдады және барлығына нақты бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленушінің өкілі мен адвокаты, оның сотта берген жауаптарын негізге алып, оған қатысты зорлық-зомбылық болмағанын айтып, сотталушыларға қатысты ақтауды сұрады. 

Қорғау тарапы қылмыс құрамы болмауына байланысты сотталушыларға барлық қылмыс бойынша ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

Сот неге және қандай жаза тағайындады?

Сотталушылар өздеріне тағылған айып бойынша, яғни ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылды.

Сот, сотталушылардың жасаған қылмыстарының сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, ауырлататын мән-жәйлардың жоғын, М., А., Н. және Қ.-ның қылмыстарды жасаған кезде олардың кәмелетке толмауын ескерді.

  • Сот сотталушы Р.-ға 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 
  • Кәмелетке толмаған М. және Н.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 7 жыл 6 ай жылға бас бостандығынан айыру жазасын, ал А. және Қ.-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сәйкесінше тағайындады.
  • Кәмелетке толмаған М., А., Н., Қ.-ға жаза тағайындау барысында, сот ҚК-нің 81-бабына сәйкес, бас бостандығынан айыру жазасы 10 жылдан аспайтын мерзімге тағайындалатынын ескерді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан