Астанада күштік құрылымдардың арнайы операциясына кедергі келтірген банк қызметкеріне үкім шықты

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау фактісі бойынша Б.-ға қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Б. өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде, сотқа дейінгі тергеуден түскен сауалда танысы туралы мәліметті көрген. Кейін ол танысы К.-ге қоңырау шалып, қылмыстық іс бойынша оның туысына қатысты келіп түскен мәліметті хабардар еткен. Банк қызметкері Б-ның әрекеті салдарынан ұлттық қауіпсіздік органдарының Астана қаласына атыс қаруы мен оқ-дәрілерді жеткізу жолын кесуге бағытталған арнайы операцияның бұзылуына жол берілді.

"Осылайша, Б. өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне қасақана араласқан.  Бұл ұлттық қауіпсіздік органдарының қылмыстық істі алдын алуға бағытталған операцияның жүзеге асуына қауіп төндірген", - делінген сот хабарламасында.

Сот талқылауы барысында сотталушы кінәсін мойындамады, қорғаушы тарап оны ақтауды сұрады.

"Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамалары мен мамандардың қорытындыларымен дәлелденді. Сот үкімімен Б. 1 жыл мерзімге банк қызметі саласында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді", - деп хабарлады Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!