Көлігін ерекше стильде безендірген такси жүргізушісі жұртты тәнті етті

Ақтауда "патриот такси" жүргізушісі жолаушыларға тегін қызмет көрсетіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Көк түспен көмкеріліп, ту жамылған көліктің жүргізушісі жолаушылардан ақы алмай, керісінше сұрақ қояды. Қазақстан тарихы, рәміздері мен Алаш азаматтары туралы сауал әзірлеген ол дұрыс жауап үшін арнайы сыйлық та ұсынған. Көлігін айрықша сәндеген Әлия Исаева "Патриот бол" жобасын қолға алып, қоғамдық жұмыспен айналысуға ден қойыпты.

"Бұл такси аптасына бір рет шығады. Бір күн демалысым бар, сол күні "патриот таксимен" кешқұрым, сағат 17:00-20:00 аралығында қалада жүріп, кез келген адамға сұрақ қойып, барар жеріне тегін жеткіземін. Сұрақты қоямын, сол арқылы түрлі тарихи, айтылмаған тың дүниені таксиге отырған азаматтарға түсіндіремін деп ойлаймын", - деді такси жүргізушісі Әлия Исаева.

Көліктің тек сырты емес, іші де безендірілген. Темір тұлпардың төсеніштеріне дейін ту түстес. "Патриот таксидің" қызметі Ақтау жұртына да ұнаған. 

"Тегін жеттім. Сұрақтарға жауап бердім. Ақшасын төлейін деп едім алмады", - деді қала тұрғыны Қазбек Мырзағұлов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!